Абай облысындағы "Омбы-Майқапшағай" тас жолының құрылысы биыл да аяқталатын түрі жоқ

455

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының өкілдері, "Биыл қысқа дейін "Қалбатау-Көкпекті" аралығына асфаль төсейміз"- деп уәде еткен. Алайда айтқандары іске аспайтын сыңайлы. 

Абай облысындағы "Омбы-Майқапшағай" тас жолының құрылысы биыл да аяқталатын түрі жоқ Фото: inbusiness.kz

Қазір аталған аралықта жол құрылысы өте баяу жүріп жатыр.

Бейнетін көресің. Машинадан сау тамтық қалмады. Бір жүріп өтсең сынып қалады. 350 шақырымды, 7-8 сағатта жүріп өтесіз. Мына жол жасап жатқан техникалардың тұрғандары көп. Жүріп жүргендері бірең-сараң. Жол жөндеп жатқанын көрмейсің- дейді көлік жүргізуші, Бекен Нарбол.

Ақсуат, Тарбағатай, Көкпекті мен Зайсан аудандары халқының Семеймен қатынауы нағыз сынаққа айналған. Шаңы аспанға көтеріліп, ойдым-ойдым болған айналма жолмен жүріп қажыған жұрт,  "жаңа жолмен жүреміз" дегенге сенуден қалған.

Жетінші жылға кетті бітіреміз дегенге. Ұят өзі. Айқайлай-айқайлай, қасқырдан да ұят болды. Халық бейнетін көріп болды әбден. Біздің қолдан не келеді. Құр айтамыз-айтамыз. Осы жаман жолмен жүріп жүрміз амалсыз-дейді Тассай ауылының тұрғыны, Есбол Сыдықов.

Біз қонаққа келе жатырымыз. Қытай елінен келе жатырмыз. Шаршап келе жатырмыз. Жол өте жаман екен. Мынандай біз әдетте жайлауларға, ауылдарға баратын жолдар осындай. Сұмдық екен- дейді Қытай Халық Республикасының азаматы, Тұрсынқан Әбілғазы. 

 "ҚазАвтоЖол" компаниясының мамандары болса, "шама келгенше қолда бар күшті жұмылдырып жатырмыз" -деп тағы ақталып отыр. Айтуларынша жұмыстың баяу жүруіне құрылыс материалдарының қымбаттауы себеп. Әрі  кететін шығынға қайта түзетулер енгізіліп жатқан көрінеді. 

Қыс түскенше айналма жолмен емес негізгі жолмен жүруге жағдай жасауға тырысамыз. Ал толықтай асфальтты 2024 жылы төсеп бітеміз деп ойлаймыз. Қазір Көкпекті бағытында жұмыс жүруде. Жау-шашын да бөгет. Сондықтан үлгергенімізше жолды салып жатырмыз-дейді "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ абай облыстық филиалының директорының орынбасары, Нұрбек Темірханов.

Күре жол құрылысының сағызша созылуы, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына да кері әсерін тигізіп отыр. Ауылдарда азық-түлік  құны шарықтап, кейбір елді мекендерде жанармай  қымбаттап кеткен.  "Омбы-Майқапшағай" тас жолын толық жаңғыртуға бастапқыда 159 миллиард теңге бөлінген болтын.  Бес жыл ішінде жол құрылысымен айналысқан 3 бірдей ірі отандық компания жұмыстан шеттетіліп, қылмыстық іс қозғалған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу