Абай облысының әкімі қаза болғандардың отбасына берілетін жәрдемақының заңсыз екенін айтты

211

Нұрлан Ұранхаев төтенше жағдай кезінде опат болған жандардың отбасылары ештеңеден таршылық көрмейтінін айтты. Тіпті барлық отбасы мүшелерінің несиесі кешірілген. 

Абай облысының әкімі қаза болғандардың отбасына берілетін жәрдемақының заңсыз екенін айтты Фото: бейнеден скриншот

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өрттен қаза тапқандардың отбасылары не себепті жәрдемақы ала алмай отырғанын түсіндірді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

“Семей орманы біздің емес, экология министрлігінің балансында болғанымен онда біздің адамдар жұмыс істейді. Өрт кезінде зардап шеккен, қаза тапқан отбасыларға толықтай көмектестік. Атап айтқанда, ақшалай көмек көрсеттік. Яғни, ол қаражат облыстық әкімдіктен, министрліктен, “Қазақстан халқына” қорынан немесе басқа қорлардан ғана алынған жоқ. Қомақты қаржы төледік. Әрине, өлген адамды қайтара алмайсың. Несиелерін түгелдей жаптық. Оның ішінде әйелдерінің, балаларының да несиелері кешірілді. Одан бөлек жиһаздары бар, жайлы пәтер берілді. Отбасылармен байланыстамыз, олардың барлық мәселелері шешілді деп айтсақ болады. Үкімет тарапынан қажетті көмектің бәрі жасалды. Тіпті қаза болған жандардың балалары оқуға түскен соң 23 жасқа дейін шәкіртақы алады және тегін білім алуға мүмкіндігі бар”, – дейді өңір басшысы.

Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, Президент уәде еткен жәрдемақы мәселесі әзірге қаралып жатыр.

“Бұл өте ұзақ уақытты талап етеді. Мұнда заңға сәйкес келмейтін дүниелердің барын да ескеру керек. Жәрдемақы мәселесі өрттен соң бірден қаралмады. Тек жылдың аяғында ғана қолға алдық. Сол себепті 1 қыркүйекке дейін бұл мәселе шешімін табады деп ойлаймын.

Орманшылардың айлығы шамамен 200-250 мың теңгеге көтеріледі. Маусымды жұмысшылардың жалақысы өседі. Нақты уақытын айта алмаймын. Өйткені бұл мәселенің шешімін министрлік айтады. Келесі аптада мұнда министрдің өзі келіп, сы сұраққа жауап береді деп ойлаймын”, – дейді Абай облысың әкімі.

Аймақ басшысы облысы өрт сөндіру үшін қажетті техникалардың жоқтығына байланысты пікір білдірді.

“Облыста қоғамдық қорымыз бар. Біз жаңа техника, машина алу үшін қордан 369 миллион теңге қаражат бөлдік. Сондай-ақ экология министрлігі жаңа техникаға бір миллиард 300 мың теңге жұмсады. Барлығы бюджетке, қаржыландыруға байланысты болып тұр. Қазір әуежайға су ағытқысы бар тікұшақ әкеліп қойдық. Өрт шыққан бетте егер ол жерге көлік жете алмайтын болса тікұшақпен барып өртті сөндіреді”, – дейді Нұрлан Ұранхаев.

Бұған дейін алапат өрт кезінде ажал құшқан жас маманның әкесі айлыққа жарымай әрі жәрдемақыдан қағылып отырғанын айтқан еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу