Абай облысының тұрғыны мемлекеттік қызметтер порталы арқылы жүргізуші куәлігін ауыстыруға тырысқанда, өзінің психиатриялық есепте тұрғанын білген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сондықтан ол ауруханаға және облыстың денсаулық сақтау басқармасына психиатриялық есепке қоюды заңсыз деп тану туралы сотқа шағым түсірген. Яғни, аталған мәліметті психикалық науқастардың ұлттық тізілімінен алып тастауды талап етеді.
Медициналық мекеменің комиссиясы талап қоюшыны есепке қою туралы мәліметтер қате, тиісті медициналық куәландырусыз және диспансерлік бақылау тәртібін бұза отырып енгізілді деген қорытындыға келді.
Алайда уәкілетті орган медициналық мекеменің бұл мәліметтерді ақпараттық жүйеден алып тастау қажеттілігі туралы өтінішін қараусыз қалдырған.
Медициналық мекеме өкілінің айтуынша, талап қоюшының амбулаториялық картасы жарамдылық мерзімінің аяқталуына байланысты жойылған, бірақ жоюды растайтын акті ұсынылмаған.
Денсаулық сақтау басқармасының өкілі тіркелімнен мәліметтерді алып тастау үшін талапқоюшы дәрігерлік-консультациялық комиссияның куәландыруынан өтуі қажет екенін атап көрсеткен.
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты істің материалдарын зерттеп, талап қоюшыны есепке қоюдың заңсыздығы туралы қорытындыға келді.
Жауапкерлер мынадай дәлелдемелер ұсынбағаны атап өтілді:
- талап қоюшының психиатриялық көмекке жүгінуі;
- тиісті медициналық куәландыруды жүргізу;
- клиникалық бақылаулардың болуы;
- талап қоюшының не оның заңды өкілдерінің медициналық көмек көрсетуге келісімі.
Сот арыз берген азаматтың талабын қанағаттандырды.
Аурухана мен Денсаулық сақтау басқармасына психикалық науқастардың ұлттық тізілімінен талап қоюшы туралы мәліметтерді алып тастау міндеті жүктелді.