Абай облысы Үржар ауданында "Дипломмен ауылға" бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Дипломмен ауылға" бағдарламасы жас мамандарға 15 жылға дейін жылдық 0,01% сыйақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие түріндегі әлеуметтік қолдау шараларын алуға мүмкіндік береді. Жоба талабы бойынша, маман ауылдық жерде кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндетті.
Тұрғын үй сатып алу үшін биыл бюджеттік несиеге 72 млн 750 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Биыл 15 маманға көтерме жәрдемақы төленді. Атап айтқанда, олардың қатарында спорт саласында еңбек ететін – 2, денсаулық сақтау – 6, агроөнеркәсіп кешенінде – 2, білім беру саласында істейтін – 5 адам бар. Сондай-ақ, 14 маманға бюджеттік несие берілді. Оның ішінде спорт саласы – 1, денсаулық сақтау – 6, агроөнеркәсіптік кешен саласы – 1, білім беру саласы – 6 адам еңбек етеді.
"Үржар ауданында 2009 жылдан бері "Дипломмен ауылға" бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алуға 565 млн теңге бөлінді", – деп хабарлады Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.