"Абай" учаскесінде көмірсутектерді барлау мен игеру туралы келісімшартқа қол қойылды, деп хабарлайды "ҚазМұнайГаз"-дың жұртшылықпен байланыс департаменті.
Келісімшарт Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан "Абай" теңіз учаскесінде кем дегенде бір барлау ұңғымасын бұрғылау және 3D сейсмобарлау жұмыстарын жүргізуді көздейді.
Еске сала кетсек, осы айдың басында тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойылған болатын. Соған сәйкес тараптар Қазақстан пайдасына қол қою бонусын төлеу (жер қойнауын пайдаланушының келiсiмшарт жасалатын аумақта жер қойнауын пайдалану жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру құқығы үшiн бiржолғы тiркелген төлем – ҚР Салық кодексі) және жер қойнауын пайдаланушының жергілікті үлесті қамту бойынша міндеттемелері жөнінде келіскен болатын.
Айта кетсек, "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ – көмірсутектерді барлау, өндіру, қайта өңдеу және тасымалдау бойынша қазақстандық ұлттық оператор. Ал "Эни" Қазақстанда 90 жылдардың басынан бері қызметін жүзеге асыруда.
"Эни" Қарашығанақ кен орнының тең операторы, Қашаған кен орнында дайындау және өңдеу жөнінде қызметті жүргізетін Солтүстік Каспий ӨБК бірлестігіне кіреді.
"Абай" учаскесі Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан. Кемелер үшін ең жақын порт – Баутино. Жағалауға дейінгі қашықтық – 65 шақырым, су тереңдігі – шамамен 8-10 метр