Бейсенбі, 7 желтоқсанда Абай және Қостанай облыстарының бірқатар аудандарында ауа-райының күрт нашарлауына байланысты мектептерде сабақтар қашықтан оқу форматына көшірілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Абай облысының Көкпекті және Бородулиха аудандарында көктайғақ пен қарлы боран салдарынан 1-ші сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушыларға сабақтар онлайн форматында өтеді.
Сонымен қатар, Қостанай мен Рудныйда бірінші ауысымдағы оқушылар (0-4 сыныптар) онлайн оқыту форматына ауыстырылды. Облыс орталығында ауа температурасы -25 градусты құрайды. Ал Қарабалық ауданында -29 градусқа дейінгі аяздың салдарынан 0-9 сыныптар арасындағы бірінші ауысымның сабақтары қашықтан оқу форматына көшірілді.
Сондай-ақ, Ұзынкөл, Сарыкөл, Меңдіқара аудандары мен Бейімбет Майлин ауданындағы мектеп оқушылары да онлайн оқытуға көшірілді.