Облыстық білім басқармасы қазіргі уақытта 992 сыныптың 18 234 оқушысы онлайн форматта оқып жатқанын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Қашықтан оқытуға көшіру шешімі тек нақты жағдайға қарай, қажеттілік туындаған сыныптарда ғана қабылданады. Тек сыныптағы оқушылардың 30 пайыздан астамы денсаулық жағдайына байланысты сабаққа қатыспаған жағдайда ғана балалар мектепке келмейді. Қазіргі уақытта 415 бастауыш сыныптары онлайн оқуда, бұл – 6692 оқушы. Сондай-ақ, 5-11-сыныптардағы 577 сынып қашықтан білім алып жатыр, – делінген ресми ақпаратта.
Қашықтан оқитын оқушылардың ең көбі (11481 бала) Семей қаласында тіркелген. Ал Аягөз ауданында – 3695, Бесқарағай ауданында – 1268, Жанасемейде – 565 және Абай ауданында 394 оқушы онлайн оқуға көшірілді.
Осыған қарамастан, оқу процесі үздіксіз жалғасуда. Мектептер онлайн оқыту құралдарын пайдаланып, оқу бағдарламасын толық көлемде орындауға тырысып бағуда.