15 сериялы "Абайдың қара сөздері" фильмінің түсірілімі аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚР Президентінің іс басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Фильм он бес астарлы әңгіме мен философиялық трактаттардан тұрады. Киножобада қазақтың ұлы ақыны-реформатор әрі философының іргелі туындысының мызғымас құндылығын жаңаша ашатын күрделі режиссерлік шешімдер қолданылған.
Басты кейіпкерлерді Қазақстан кинематографиясының еңбек сіңірген актерлері – Айдос Бектемір, Жан Байжанбаев, Ерік Жолжақсынов, Бахтияр Қожа, Тәуекел Мүсілім, Индира Меңдібаева, Жайдарбек Күнғожинов және басқалар сомдады.
Телерадиокешеннің Бас директоры Раушан Қажыбаеваның айтуынша, "Қара сөздерде" қазақ халқының ұлттық тәрбиесі мен дүниетанымы, адамгершілік және моральдық негіздері, тарихи мәселелер көтеріледі". ТРК басшысы "Ұлы Абайдың ойлары мен тұжырымдары бүгінгі күні де өзекті" екеніне тоқталды.
Көркем киножобаның түсірілімі Алматы қаласы мен Алматы облысының түрлі аймағында өтті.
Қазіргі уақытта графикалық жұмыстар мен түстерді түзетудің соңғы сәттері жүріп жатыр. Көркем киножоба ашық түрде интернет-платформаларда жарияланып, әлемдік телеарналарда көрсетіледі.