"Абайсызда адам өлтіру": Атырауда соққыға жығылып, көз жұмған ер адамның жақындары істің әділ жүруін талап етті

366

Марқұмның жақындары күдікті бұған дейін де бұзақылық жасап, істі болғанын жеткізді. 

"Абайсызда адам өлтіру":  Атырауда соққыға жығылып, көз жұмған ер адамның жақындары істің әділ жүруін талап етті Фото: бейнежазбадан

Атыраудағы "Дина" базарында соққыға жығылып, ауыр жарақаттан көз жұмған марқұмның туыстары тергеудің әділ өтуін сұрайды. 56 жастағы Амандық Сағынғалиевтің жақындары қылмыстың қасақана болғанына сенімді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Информбюро-ға сілтеме жасап.

Амандық Сағынғалиев 10 маусымда “Дина” базарының көлік тұрағында соққыға жығылып, ауруханада мерт болған. Газель жеңіл көлікті сырып өтіп, кикілжің содан кейін басталған. Бейнебақылау камерасына жеңіл көліктің жүргізушісі 56 жастағы Амандықты ұрып жатқан кезі түсіп қалған. 

Полиция істі "Абайсызда адам өлтіру" бабы бойынша қозғаған екен. Алайда жұрттың көзінше ұрып-соққан күдіктінің әрекеті абайсызда емес дейді. Сондықтан бапты өзгертіп, тергеудің әділ жүргенін талап етеді.

“Қазіргі таңда іс Қылмыстық кодекстің 106-ның 3 бабы “Абайсызда адам өлтіру” бойынша тергеліп жатыр. Бұл абайсыздыққа жатпайды. Себебі видеода көргендей әдейі қайта-қайта ұрды. Менің әкем бір қол көтерген жоқ. Оны ұрып, сүйреп лақтырып тастау абайсыздыққа жатпайды. Бұл – қасақана кісі өлтіру. 20 жылдан кем емес немесе өмір бақи бас бостандығынан айырылсын”, – деді марқұмның ұлы Нариман Амандық. 

Марқұмның жақындары күдікті бұған дейін де бұзақылық жасап, істі болғанын жеткізді. Бірақ жазадан оңай құтылып кетті деп отыр. Бұл жолы да іс бұрмаланып, жылы жабылып кете ме деп алаңдаулы. Оған қоса араша түспей, жанжалға жайбарақат қарап тұрған куәгерлерді де тергеу керек дейді тұрғындар.

Полиция қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын жеткізді. Күдікті қазір уақытша ұстау изоляторында. Баптың өзгеру-өзгермеуі тергеу барысында белгілі болмақ.

Көз жұмған азаматтың артында әйелі, төрт баласы мен бес немересі қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу