Абхазия мен Оңтүстік Осетияда тіркелген көліктерді Қазақстанға заңсыз әкелу жиілеген

1324

Көлікті кедендік төлемдер төлемей, бастапқы мемлекеттік есепке қоймай ел аумағында заңсыз пайдаланатындарға жаза қарастырылған.   

Абхазия мен Оңтүстік Осетияда тіркелген көліктерді Қазақстанға заңсыз әкелу жиілеген

Абхазия Республикасы мен Оңтүстік Осетия Республикасының тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралдарын Қазақстан аумағына заңсыз өткізу және пайдалану жағдайлары артқан, деп хабарлады inbusiness.kz Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне сілтеме жасап. 

"Аталған автокөліктер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына Ресейдің өткізу пункттері арқылы уақытша әкелінеді және өз мәртебесі бойынша шетелдік тауарлар болып табылады (яғни ЕАЭО тауарлары болып табылмайды).
Егер көлік құралының иесі Абхазия, Оңтүстік Осетияның заңды тұлғасы болса уақытша әкелуді растайтын құжат - көлік құралының кедендік декларациясы, 
егер көлік құралының иесі осы республикалардың резидент жеке тұлғалары болса уақытша әкелуді растайтын құжат - жолаушылар кедендік декларациясы болып табылады",– деп жазылған хатта. 

Осыған байланысты ЕАЭО Кеден кодексінің 264–бабының 6–тармағына және 275–бабының 2-тармағына сәйкес ЕАЭО аумағындағы уақытша әкелінген көлік құралдары декларанттың іс жүзінде иелігінде болуы керек. 

"Абхазия және Оңтүстік Осетияның тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралдарын ЕАЭО кедендік аумағына әкелуді және Қазақстан Республикасының резиденттеріне беруді жүзеге асырған тұлғалардың кедендік төлемдерді төлемей және бастапқы мемлекеттік есепке қоймай заңсыз пайдаланған әрекеттерінде қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық құрамы бар",– деп ескертті Мемлекеттік кірістер департаментінде. 

Екі құрам да жазадан басқа көлік құралын тәркілеуді көздейді. Сондықтан Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті барлық мүдделі тұлғаларға Абхазия мен Оңтүстік Осетияда тіркеу есебінде тұрған уақытша әкелінген көлік құралдарын сатып алмау туралы жедел ұсыным әзірлеген. 

Айта кететіне, Қазақстанға аталған елдерден көлік құралдарын негізінен Абхазия Республикасының азаматтары және Ресей Федерациясының азаматтары әкеледі.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу