Абхазия және Оңтүстік Осетиядан көлік әкелген жүргізушілерге ескерту жасалды

926

Олар талапты орындамаса, залал сомасына қарай қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Абхазия және Оңтүстік Осетиядан көлік әкелген жүргізушілерге ескерту жасалды

Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) Абхазия және Оңтүстік Осетиядан көлік сатып алған қазақстандық жүргізушілерге ескерту жасап, оны қалай заңдастыруға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы. 

Ведомствоның мәліметінше, бұл көліктер Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) аумағына Ресейдің өткізу пункттері арқылы уақытша әкелінген. Олар мәртебесі бойынша шетелдік тауарлар болып саналады (яғни ЕАЭО тауары емес) және кедендік бақылауда болады.

"Көлік иесі Абхазия, Оңтүстік Осетияның заңды тұлғасы болса – көлік кедендік декларациясы (КҚКД), ал көлік иесі осы республикалардың резидент жеке тұлғалары болса, жолаушылар кедендік декларациясы (ЖКД) уақытша әкелуді растайтын құжат болып саналады", - деп жазылды МКК-нің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

ЕАЭО Кеден кодексінің 264-бабының 6-тармағы және 275-бабының 2-тармағына сәйкес, уақытша әкелінген көлік құралдары ЕАЭО кедендік аумағында декларанттың, яғни көлікті әкелген тұлғаның меншігінде және пайдалануында болуы шарт.

Бүгінде Абхазия және Оңтүстік Осетиядан уақытша әкелінген көліктер ЕАЭО кедендік аумағында болған кезде, заңмен белгіленген шектеуді бұзып, сенімхат бойынша (иелену, билік ету немесе иеліктен шығару құқығымен) Қазақстан азаматтарына сатылып жатыр. МКК бұл көліктерді қазақстандықтарға сатқандар және сатып алғандар заңдағы талапты орындамаса, жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін атап өтті.

"Абхазия және Оңтүстік Осетияның тіркеу нөмірі бар көліктер ЕАЭО кедендік аумағына әкелуді және Қазақстан резиденттеріне беруді жүзеге асырған тұлғалардың, сондай-ақ мемлекетке келтірілген залал сомасына қарай кедендік төлемдерді төлемей және Қазақстан аумағында пайдалану мақсатында осындай көліктерді сатып алған тұлғалардың әрекеттері қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық сипатқа ие", - деп жазылған хабарламада.

Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан азаматтарына Абхазия және Оңтүстік Осетия мемлекеттік тіркеуінде тұрған әрі уақытша әкелінген көліктерді сатып алған жағдайда, кедендік тазартудан өткізіп, кедендік баждар мен салықтарды төлегеннен кейін ғана ел аумағында көліктерді пайдалануға болатынын ескертті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу