Париж Олимпиадасында дзюдодан әйелдер арасында 48 келі салмақта ел намысын қорғаған Әбиба Әбужақыноваға спортта қолдау білдіріп жүрген ел ағалары кезекті көліктің кілтін табыстады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгін "Жеңіс" дзюдо клубының басшысы Алмаз Альсенов кезекті көліктің кілтін табыстады. Клубтың капитаны ретінде алған бүгінгі көлік мені бұдан кейін де тоқтамауға, тынбай еңбектенуге тағы бір себеп деп ойлаймын, челлендж деп қабылдаймын.
Олимпиада ойындары менің өмірімді түбегейлі өзгерткені анық. Соған қарамастан барлығы мені қолдап, жылы лебіздерін аяп жатқан жоқ.
Мемлекеттен, республикалық федерациядан, Атырау облысы және сүйікті "Jenys" клубымнан бұрын қандай қолдау болса, Олимпиададағы жүлдесіз нәтижеге қарамастан қолдауын жалғастырып отыр. Бұл - бір күндік емес, көп жылдық еңбенімнің, маңдай теріммен, тынымсыз жаттығулардың нәтижесінде жеткен сый деп қабылдаймын.
Бәріңіздің қолдауларыңызға ризамын! Әлі-ақ сіздердің үміттеріңізді ақтап, қолдауларыңыздың өтеуі ретінде жеңісті жолды жалғастырамын деп уәде беремін", - деп жылы лебізін білдірді спортшы қыз.
Еске сала кетейік, бұған дейін Әбиба Әбужақыноваға депутат Айдарбек Ходжаназаров көлік сыйлаған еді. Сондай-ақ, спортшы қызымызға Атырау жұртшылығы да қымбат көлік мінгізіп, құрмет көрсетті. Бұл оның үшінші көлігі.