Бокстан Қазақстан чемпионы, Азия ойындарының және әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұлға Германияда ота жасалды деп хабарлайды Olympic.kz.
Естеріңізде болса, Ақтауда өткен Қазақстан біріншілігінің финалында Әбілхан екі рет иығын шығарып алған еді. Аталған жарақат боксшының жолына кедергі болып, оған шетелде ота жасату туралы шешім қабылданды.
Германияның Мюнхен қаласында білікті дәрігерлердің қатысуымен өткен ота сәтті аяқталды.
"Бұл күндері Австрияда сауықтыру рәсімінен өтіп жатырмын. Маған тілеулес болған барша жанкүйерге рахмет. Әзірге, рингке қашан ораларым белгісіз. 25 желтоқсан күні елге оралып, Қазақстанда емделуді жалғастырамын. Дәрігерлер қолымның жарақаты нақты қай уақытта жазылатынын айтпады. Бәрін уақыт көрсетеді. Тезірек қатарға қосылуға тырысамын", – дейді Әбілхан.
Сондай-ақ, Әбілхан ұлттық құрама бас бапкерінің ауысуына қатысты өз пікірін білдірді.
"Шынымды айтсам, Мырзағали Айтжанов ағамыздың қызметінен кеткенін ауыр қабылдадым. Ол кісінің қазақ боксына сіңірген еңбегі орасан зор. Басшылық осылай шешкен соң, кез келген өзгеріске дайынбыз. Жаңадан тағайындалған Ғалымбек Кенжебаев ағамызды да жақсы танимын. Ол кісінің қол астында екі жыл жаттығып, жастар құрамасынан қанат қаққан едім. Бұйырса, Ғалым ағаймен де үлкен белестерді бағындырамыз деп ойлаймын", – дейді боксшы.
Еске сала кетейік, Қазақстан чемпионатының финалында Әбілхан Аманқұл маңғыстаулық Ерік Әлжановты ұтты.