Әбләзовтың сыбайластарына қатысты сот отырысы өтіп жатыр

1256

Тұтқындаламын деп қорқудан, үнемі жасырынудан, туыстарынан жырақта жүруден шаршаған Әбіләзовтың жақтастары өз еріктерімен Қазақстанға оралды.

Әбләзовтың сыбайластарына қатысты сот отырысы өтіп жатыр

Алматы қаласы Медеу ауданының №2 сотында БТА банкінің бұрынғы басшылығына қатысты іс қаралып жатыр. Ақша ұрлау және ақшаны жылыстату фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр, деп хабарлады Интерфакс-Қазақстан. 

Сот Мұхтар Әбләзовтың бұрынғы 7 сыбайласының ісін қарауға кірісті. Олардың барлығы да Қазақстанға өз еркімен оралған. Қатарында Әбләзовтың бақылауында болған компаниялар  ("Евразия инвестициялық-өнеркәсіптік тобы", "Евразия Сити", "Славинестбанк") директорлары кеңесінің бұрынғы басшысы Артур Трофимов бар. Ол ақша жымқыру және оны жылыстатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты Ресейде отырып басқарған. Ол Өзбекстанда қолға түсті. 

2019 жылы 26 қаңтарда Ресей азаматы болып табылатын және Австрияда қашқын мәртебесіне ие Трофимов Қазақстанға экстрадицияланған болатын. Сонымен қатар Ресейден банк заңгері Максим Хаблов, Әблязов бақылауында болған компаниялардың басшысы Анар Абдихаимова мен банктің несиелік комитетінің мүшесі әрі атқарушы директоры Валерий Налобин қайтарылды. Ал Венгриядан несиелік басқарма басшыларының орынбасарлары Ержан Кадесов пен Зәуре Джунусова, Біріккен Араб Әмірліктерінен БТА банкі несиелік комитетінің басшысы Анатолий Погорелов қайтарылды. 

Трофимов, Хаблов, Абдихаимова – Ресей Федерациясының азаматтары, Кадесов – Украина азаматы, Погорелов, Налобин мен Джунусова(Венгрияда қашқын мәртебесіне ие) Қазақстан азаматтары болып табылады. 

Күдіктілер Қазақстанға оралуын тұтқындаламын деп қорқып, үнемі жасырынудан, туыстарынан жырақта жүруден шаршайтындықтарымен түсіндірді. 2009 жылы қылмыстық іс қозғалғаннан кейін оларды Әбләзовтың сыбайластары қорқытқанын, сондықтан ертерек оралмағандары айтады.

Олардың сөзінше, басында Әбләзов оларға материалдық көмек көрсеткен, бірақ біраз уақыттан кейін оларды қаржыландыруын тоқтатыпты.

БТА банкінің бұрынғы басшылығына қатысты қылмыстық қудалау басталғаннан бері 8 сот үкімі шықты, олар бойынша 42 адам сотталды.

Соңғы уақытта Әбләзовтың 10 сыбайласы өз еріктерімен Қазақстанға оралды. Олардың қатарында Жақсылық Жарымбетов, Сәдуақас Мамеш, Қайрат Садықов бар. Соңғы үшеуін сот кінәлі деп таныды, алайда олардың айыпты толық мойындағаны және тергеуге көрсетілген көмектері ескеріле отырып, шартты жазаға кесілді. 

Еске сала кетсек, шетелге қашып кеткен Әбләзовке қатысты іс 2009 жылы қозғалды. Әбләзов пен оның сыбайластарына қылмыстық қоғамдастық құрды, БТА банкінің қаражатын жымқырды және ол қаржыны заңсыз қолданды және өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыптар тағылған. Тергеу нәтижесінде ұрланған қаражаттың тұрғындардың зейнетақы салымдары, Қазақстан азаматтарының жеке жинақтары мен шетелдік қаржы институттарынан алынған несиелер екендігі анықталды.

2013 жылдың 31 шілдесінде Франция билігі Әбләзовті қамауға алған болатын. 2013 жылдың тамыз айында Қазақстан, Ресей Федерациясы және Украина өздерінің ұлттық заңнамасының талаптарына сәйкес, Әбләзовты Франциядан экстрадициялау туралы өтініш берді.

2015 жылдың қыркүйегінде Франция үкіметі Әбіләзовты Ресейге экстрадициялау туралы шешім қабылдады. Онда банкир ұрланған мүлікті заңдастыру, алаяқтық және ұрлау айыптары бойынша сот алдында жауап беруі керек болатын.

Алайда 2016 жылдың 9 желтоқсанында Францияның мемлекеттік кеңесі осы елдің премьер-министрінің оны Ресейге ұстап беру туралы қаулысын жойып, банкирді бостандыққа шығарды. Францияның мемлекеттік кеңесі оны экстрадициялау туралы өтініш "саяси мақсатта сұралған" дегенді айтты. 

Қазақстанда Әбіләзовке сырттай түрде 20 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу, 300 АЕК айыппұл төлеу және 3 жылға дейін банк саласында кәсіби қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы үкім шығарылды.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу