Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan)" АҚ-қа банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға әмбебап банк лицензиясын, сондай-ақ банктің әмбебап банк лицензиясы бар исламдық банк операцияларын жүзеге асыруға арналған лицензия берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова лицензияны Қазақстан қаржыгерлері конгресінің алаңында өткен салтанатты рәсім барысында табыстады.
Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan) – "исламдық терезе" тетігін пайдалана отырып, бір банк шеңберінде дәстүрлі және исламдық банк қызметін жүзеге асыру құқығын алған Қазақстандағы алғашқы банк. Дәстүрлі және исламдық банк қызметін қоса атқару мүмкіндігі 2026 жылғы 16 қаңтарда қабылданған "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының жаңа Заңында көзделген.
"Қазақстанда алғаш рет әмбебап банк клиенттерге жеке ислам банкін құру қажеттілігінсіз исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес келетін дәстүрлі банк өнімдерін де, қаржы құралдарын да ұсына алады. Бұл халық пен бизнес үшін қаржылық қызметтерді таңдауды кеңейтеді және елімізде исламдық қаржыландырудың дамуына ықпал ететін болады. Abu Dhabi Commercial Bank-тің Қазақстан нарығына шығуы Мемлекет басшысының банк секторындағы бәсекелестікті кеңейту мақсатында шетелдік банктерді тарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады", – деп хабарлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Abu Dhabi Commercial Bank (ADCB) – активтері бойынша Біріккен Араб Әмірліктерінің үшінші ірі банкі. 2026 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша 2026 жылдың тоғыз айында банк тобының активтері 242,3 млрд долларды, меншікті капиталы 24,8 млрд долларын, таза кірісі 2,8 млрд доллар болды.
Банктің S&P Global Ratings және Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттіктерінің "Тұрақты" болжамымен инвестициялық деңгейдегі "А+" ұзақ мерзімді кредиттік рейтингтері бар. ADCB акцияларының бақылау пакеті (60,77%) Абу-Даби Үкіметіне Mubadala Investment Company мемлекеттік инвестициялық компаниясы арқылы тиесілі.
Бұған дейін Агенттік Басқармасының 2026 жылғы 20 наурыздағы
№ 8 қаулысымен Банкке "Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan)" АҚ ашуға № 263 рұқсат берілді. Банкті мемлекеттік тіркеу 2026 жылғы 20 сәуірде жүзеге асырылды.