Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстандағы жобаларды қаржыландыруды 3 есеге арттырмақ

283

Abu Dhabi Commercial Bank – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ең ірі банктердің бірі.   

Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстандағы жобаларды қаржыландыруды 3 есеге арттырмақ Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Abu Dhabi Commercial Bank Kazakhstan (ADCB) директорлар кеңесінің төрағасы Фарух Аль Марзукимен кездесті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Abu Dhabi Commercial Bank инвестициялық деңгейдегі несиелік рейтингтерге ие.

Жиын барысында ADCB Group-тың еліміз үшін маңызды жобаларды жүзеге асыруға қатысуын одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды. Ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде экономиканың нақты секторын дамыту және цифрлық инфрақұрылымды жаңғырту айқындалды.

Кездесу барысында Қазақстанда жүргізіліп жатқан инвестициялық тартымдылықты арттыруға ықпал ететін ауқымды экономикалық және институционалдық реформалардың маңыздылығы атап өтілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жаңа инвестициялық цикл іске қосылды және инвесторларды тартуға проактивті қарқын берілді.

Премьер-министр Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Соңғы 20 жылда Қазақстанға әмірліктен түскен инвестициялар көлемі $7 млрд-тан асты, оның шамамен $3 млрд-ы соңғы 2,5 жылда түсті. ADCB Group-тың БАӘ және Таяу Шығыстың басқа елдерінен инвесторлар тарту жөніндегі жұмысқа қатысуы Қазақстандағы жобаларды сырттан қаржыландыру көздерін кеңейтуге және әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Фарух Аль Марзуки Қазақстанмен энергетикалық, теміржол инфрақұрылымы жобаларын қаржыландыру, мұнай химиясы, көлік және логистика салаларындағы уағдаластықтарды жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастықтың жемісті екенін атап өтті. Соңғы 15 жылда ADCB Kazakhstan 100-ден астам бизнес-бастамаларға қаржылық қолдау көрсетті, оның 90%-ы ШОБ жобаларын құрайды.

ADCB Kazakhstan басшысы Фарух Аль Марзуки алдағы бір жарым жылда қазақстандық жобаларды қаржыландыру көлемін қазіргі 2,5 трлн теңгеден 3 есеге ұлғайту ниеті туралы мәлімдеді.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу