Мәжіліс депутаты Абзал Құспан қоғамда резонанс тудыратын саяси мәлімдемелерге уақытында құқықтық баға берілу керек екенін жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қоғамда ескі Қазақстанда орын алған коррупция, белгілі бір саяси топтың мүддесі үшін қабылданған шешімдердің бар екені белгілі. Соңғы уақытта аталған мәселелер бойынша ірі саяси қызметте болған азаматтардың әртүрлі әлеуметтік желілердегі мәлімдемелері қоғамда қызу талқыға түсуде. Мысалы, бұрынғы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы болған А.Шабдарбаевтың өзі бірнеше рет ашық сұхбаттар берді. Ол сол кездегі мемлекет басшылығы тарапынан уран кеніштері кімге, қалай үлестірілгені туралы сұхбаттарда нақты мысалдары бар. Спикер әртүрлі саяси фамилияларды атап, кімнің қандай қылмысқа барғанын әшкереледі", - деді Абзал Құспан Бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалында.
Сондай-ақ, ол Мұхтар Жәкішев пен басқа да азаматтардың ашық сұхбаттары жарияланғанын баса айтты.
"Аталған азаматтардың сұхбаттары миллиондаған көрілім мен мыңдаған пікір жинағанын бәріміз көріп отырмыз. Десек те, құқық қорғау органдары, прокуратура тарапынан ешқандай реакция байқалмайды. Бірде-бір мәселе көтерілмейді", - деп жалғастырды депутат.
Халық қалаулысының сөзіне, Қылмыстық-процестік Кодекстің 180-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға БАҚ-та жарияланған хабарлар негіз бола алады.
"БАҚ-қа жарияланған қылмыс туралы ақпараттарды Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеу құқық қорғау органдары үшін талқылауды қажет етпейтін, императивті норма екені белгілі. Осындай ашық ақпараттарды Бас Прокуратура құқық қорғау органдарынан уақтылы тексеруді талап етпеуі ел арасында әртүрлі алып-қашпа әңгімелердің тарауына себеп", - деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.
Дәлелдер жеткілікті болса, қылмыстық іс сотқа дейін жетуі керек, деп қорытындылады ол.