Депутаттың айтуынша, Конституция – еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін әрбір азаматтың өміріне тікелей әсер ететін басты саяси-құқықтық құжат, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сондықтан онда құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ететін нақты механизмдер айқын көрсетілуі қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, адвокатура институтын Конституцияға енгізу оның преамбуласында бекітілген "Әділетті Қазақстан", "Заң мен тәртіп" қағидаттарымен, сондай-ақ халықаралық деңгейде мойындалған Миранда құқығымен тығыз байланысты.
– Егер бұл қағидаттар Конституцияда көрініс тауып, ал адвокатура мәселесі нақты шешімін таппаса, олар тек декларативті сипатта қалып қояр еді. Ал адвокатура институты – адам құқықтарын күнделікті өмірде іске асыратын тікелей әрі пәрменді тетік, – деді Абзал Құспан.