Абзал Құспан: "Қыз алып қашу – сөзсіз қылмыс"

94

Депутат профилактикалық іс-шараларды көбірек жүргізуді ұсынып отыр.

Абзал Құспан: "Қыз алып қашу – сөзсіз қылмыс" Фото: Мәжіліс

Қыз алып қашу – сөзсіз қылмыс. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қыз алып қашу – сөзсіз қылмыс. Қыз алып қашудың да бірақ формасы бар. Егер екеуара келісіммен жүзеге асатын болса, онда да олар кәмелет жасына толған азаматтар болса, онда әрине бұл қылмыс болмайды. Қалған жағдайда, зорлықпен жасалған әрекеттің барлығы қылмыс. Қызды былай қойыңыз, ер адамды ұстап алып, мәжбүрлі түрде бір нүктеден екінші нүктеге апарсаңыз, сіз "Адам ұрлау" деген баппен сотталасыз. Ал неге қызды ұрлаған кезде ол қылмыс болмауы керек? Сондықтан, бұл – қылмыс", – деді Абзал Құспан.

Депутат бұл мәселені былтыр да көтергенін жеткізді. Ол осыған байланысты өз ұсыныстарын да айтты.

"Менің бір ғана ұсынысым бар. Қазір депутаттық сауалым бар. Бұл – профилактикалық іс-шараларды көбірек жүргізуіміз қажет. 2025 жылдың маусым айында біздің басшылықтың атынан Үкіметке хат жолдадым. Сонда профилактикалық іс-шараларды күшейту керек, заңды түсіндіру жұмыстарын күшейту керек деп нақты көрсеттім. Себебі жәбірленушілердің өздері құқықтарын біле бермейді. Олардың туыстары да дәстүр ретінде қарайтындай жағдай қалыптасты. Әсіресе, бұл дәстүр ретінде қабылдайтын оңтүстік өңірлерде өзекті деп жаздым. Сонда бізді оңтүстік аймақтардан тек Қызылорда облысы ғана шақырды. Өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жеке өзі телефон арқылы шығып, "осы заңдарды бізге түсіндіріп беріңізші, мен халықты жинайын" деп айтты. Қалған оңтүстіктің өзге өңірлері бұл мәселеге селт етпеді", – деді Мәжіліс депутаты.

Депутат бүгінгі таңда көптеген жәбірленушілер өз құқықтарын білмейтіні баса айтты. 

"Мысалы, марқұм Нұрай өзіне қатысты жағдай бойынша құқықтық мүмкіндіктерді толық түсінбеген. Егер сталкингке немесе Қылмыстық кодекстің 125-бабының 1-бөлігіне қатысты нормалар дұрыс түсіндіріліп, қолданылғанда, жағдай басқаша өрбуі мүмкін еді. Азаматтардың бұл нормаларды білуі міндетті емес, керісінше, заңды дұрыс қолдану – құқық қорғау органдарының тікелей міндеті. Алайда практика көрсеткендей, полиция қызметкерлері арыздарды қабылдау және қарау барысында заң талаптарын толық сақтамай отыр. Осы себепті сталкинг, қыз алып қашу секілді әрекеттерді қылмыстандыру ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу мақсатында енгізілген болатын. Бұл нормалар өткен жылы күшіне енді, бірақ оларды қолдану тәжірибесінде әлі де жүйелі мәселелер бар", – деді Абзал Құспан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу