"Мәжіліс депутаттығына Батыс Қазақстан облысынан бір мандатты округке өзін-өзі ұсыну (самовыдвижение) тәртібімен кандидат ретінде өтініш бердім. Екі аптаның үстінде жағдайды зерттеп, он ойланып, тоғыз толғанып барып шешім қабылдадым. Оған себеп біздің облыстың елді мекендері кең байтақ далада шашыраңқы орналасқан. Мысалы Жәнібек, Бөкейордасы аудандары облыс орталығынан 550 км жерде орналасқан әрі СССР кезінен бері жол жоқ. Округ біреу, ал сайлау учаскелерінің саны - 405. Бұл тұрғыда Алматы, Астана сияқты қалалардан сайлауға түскен көп ыңғайлы. Ал біздің жағдайда, осынша жерді аралау, жүздеген участокқа сенімді өкіл табу, оларға қаражат төлеу, шығын көлемін есептеп көріңіз. Әрине әлеуметтік желінің мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз, бірақ ол шешуші рөл атқармайтындығын анық түсініп отырмын. Сонымен не болса да тәуекел деп, белді бекем будық. Енді алдағы ай жарым уақыт әңгімеміз сайлау турасында болмақ, оған түсіністікпен қарайсыздар деп ойлаймын", – деп жазды Абзал Құспан.