Адай жылқысына ресми түрде “асыл тұқымды” мәртебесі берілді

381

"Патенттер тек "Адай" тұқымына ғана емес, оның 2 типімен 3 желісіне де берілді".

Адай жылқысына ресми түрде “асыл тұқымды” мәртебесі берілді Фото: С. Маймеров

Ақтауда Ұлттық зияткерлік меншік институтының, ауыл шаруашылығы министрлігі мен Әділет министрлігінің өкілдері "Асыл тұқымды "Адай" жылқысы" заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бірлестігіне "Адай жылқысы" брендін пайдаланудың айрықша құқығын растайтын куәлік табыс етті, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Осылайша, "Адай" тұқымды қазақ жылқысының ерекше қасиеттері енді заңды түрде бекітілді.

2022 жылдың қараша айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында адай жылқысын дербес тұқым ретінде ғылыми тануды тапсырған болатын.

Ол үшін Маңғыстауға Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институтының мамандары келді. Заманауи технологияларды қолдана отырып, сарапшылар жылқылардың генетикалық құрылымын анықтау үшін ғылыми сынақтан өткізді.

Ұлттық зияткерлік меншік институты директорының орынбасары Айдын Артықова зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ескере отырып, қазақтың адай жылқысының ерекшеліктері енді заңды түрде қорғалғанын айтты. Бұл өз кезегінде жылқы өсірушілерге қазақтың адай жылқысының тұқымын сақтау, өсіру және насихаттау үшін тиімді болмақ, сонымен қатар ұлттық ойындарды, соның ішінде көкпар мен бәйгені насихаттауға ықпал етпек.

"Ұлттық зияткерлік меншік институты әрқашан ұлттық брендтердің қорғалуы мен сақталуын мұқият қадағалайды. "ҚазПАТЕНТ" географиялық ерекшелігіне қарай Алматы апортынан кейін, "Адай" жылқысының тұқымын патенттеді. Тұқымның жаңашылдығы, ерекшелігі мен біртекітілігі, сонымен қатар, ғылыми, патенттік критерийлерге сәйкестік, оның ұлттық брендке айналуына мүмкіндік берді. Айрықша құқықтардан басқа, патент иесіне 30 жылдық қауіпсіздік мерзімі беріледі. Патенттер тек "Адай" тұқымына ғана емес, оның 2 типімен 3 желісіне де берілді" - деді Айдын Артықова.

Маңғыстау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов Қазақстан Президентіне адай тұқымды қазақ жылқысының мәртебесін нығайтуға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

"Мамандар  адай тұқымды қазақ жылқысын ұлттық бренд ретінде тану үшін үлкен жұмыс атқарды. Ол үшін Маңғыстауға ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік инспекция комитетінің арнайы мемлекеттік комиссиясының мүшелері шақырылды. Сарапшылар облыстың барлық аудандарындағы 1400-ден астам адай жылқыларын зерттеді. Нәтижесінде адай жылқысының бірегейлігін растады. Маңғыстау ақсақалдарының атынан Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қазақтың адай жылқысының мәртебесін алуға қолдау көрсеткені үшін алғысымызды білдіреміз, - деді Серікбай Төлетов.

Қазақтың адай жылқысы Арал-Каспий ойпатының аумағында жергілікті жылқы популяциясының көпжылдық халық селекциясы негізінде қалыптасты. Бұл тұқымның жылқылары жергілікті қатал табиғи-климаттық жағдайларға жақсы бейімделген. Сыртқы ерекшеліктерге айрықша төзімді және күтіп-баптау жағдайларына тез бейімделеді.

Оның шашасына шаң жұқтырмайтын жүйріктігіне бірнеше дәлел бар.

Мәселен, 2023 жылғы 4 қарашада Кендірлі ауылында өткен халықаралық турнирде адай тұқымды қазақ жылқысы өзінің ерекше қасиеттерін көрсетті. Онда қазақтың адай жылқысын Халықаралық ат спорты федерациясының алты төрешісі, оның ішінде БАӘ сарапшылары бағалады.

Бұл жарыста Көк Жебе есімді адай жылқысы 4 сағат 48 минут 36 секундта 100 шақырымдық қашықтықты жүріп өтіп, жеңіске жетті. Бұл жетістік жануарға алтын медаль мен бірінші орын әкелді.

Ал 2022 жылы жарыстарда қазақ жылқысының "Адай" тұқымы өзінің табандылығы мен айрықша мінезін көрсетті. Сол кезде Маңғыстаудан келген "Көкмойнақ" командасы адай жылқысымен 1200 шақырым жүріп өтіп, "Ұлы Дала жорығы" республикалық марафонында бірінші орынды иеленді.

2023 жылы осы марафонда маңғыстаулық адай жылқысының шабандозы Астанадан Түркістанға дейін 1300 шақырымды небәрі 98 сағат 44 минут 47 секундта бір атпен жүріп өтіп, рекорд орнатты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу