"Азаматтық кодекстің 45-бабына сәйкес 20 желтоқсан күні "AMANAT" партиясы" қоғамдық бірлестігіне қосылу жолымен қайта ұйымдастыруға байланысты "Adal" саяси партиясы" қоғамдық бірлестігі қызметінің тоқтатылуына тіркеу жүргізілді. "Adal" саяси партиясы" қоғамдық бірлестігінің 2022 жылғы 17 наурыздағы № 2 кезектен тыс съездінің хаттамасы, "AMANAT" партиясы" қоғамдық бірлестігінің 2022 жылғы 26 сәуірдегі кезектен тыс ХХІІІ съездінің хаттамасы заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын тіркеуге негіз болды", - делінген ведомство таратқан баспасөз хабарламасында.
Ақпаратқа сәйкес, бүгінгі таңда Қазақстанда 6 партия тіркелген. Атап айтқанда, "AMANAT" партиясы, "Ақ Жол" Қазақстанның демократиялық партиясы, Қазақстан Халық партиясы, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, "Жалпыұлттық социал-демократиялық партия" және "Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясы.