Адам ағзасын заңсыз алмастырған тағы бір дәрігер істі болды

863

Адам ағзасын заңсыз алмастыру фактісі бойынша күдікке ілінген Шымкент қалалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбай тұтқындалды. 

Адам ағзасын заңсыз алмастырған тағы бір дәрігер істі болды

ІІМ Шымкенттегі № 1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Абылай Донбайды тұтқындауға байланысты ресми ақпарат берді.

Адам ағзасын заңсыз алмастыру фактісі бойынша күдікке ілінген Шымкент қалалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбай тұтқындалды. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдікті уақытша тергеу изоляторына тоғытылды.

Сонымен қатар Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов аталған іске қатысты пікір білдірді.

"Қылмыстық іс туралы артық ақпарат беру заңмен тыйым салынғанын білесіздер. Бірақ іс адам ағзасын заңсыз трансплантациялау фактісі бойынша  жүргізіліп жатқанын нақты айта аламын. Сондықтан аурухананың бас дәрігері қамауға алынды",– деді Рашид Жақыпов

Ведомствоның мәліметінше, 2017-2018 жылдары шетелдік азаматтар ұйымдастырған қылмыстық топ Қазақстанда адам ағзаларын трансплантациялаған. Донор ретінде Өзбекстан, Қырғызстан, Украина азаматтары тартылып, олардың бүйректері саудаланған. Ал ағзаға мұқтаж жандардың басым бөлігі Израильдің қалталы азаматтары болған. Тергеу барысында Абылай Донбайдың қылмыстық топ мүшелерімен алдын ала ымыраласу арқылы бүйректі алу және қайта салу оталарын заңсыз жасағаны анықталды.

Сондай-ақ Ішкі істер министрінің орынбасары журналистердің "тергеу барысында дәрігерді науқастарға ота жасау үшін босатуға бола ма?" деген сауалына да жауап берді.

"Егер қылмыстық іс барысында осындай өтініш түссе, ол қарастырылуы мүмкін. Іс барысында берілген кез келген өтінішхат назардан тыс қалмайды",– деді Рашид Жақыпов

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін трансплантолог дәрігер Ғани Құттымұратов пен Қырғызстан азаматшасы Тайсалова да заңсыз адам мүшесін алмастыру отасын жасағаны үшін ұсталып, қамауға алынған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу