Адам өмірін саудалаған 26 қылмыскер жазаланды

880

Жыл басынан бері 64 іс қозғалған. 

Адам өмірін саудалаған 26 қылмыскер жазаланды

"Қадір - қасиет" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған мигранттар құқығы мен адам саудасы туралы онлайн брифинг барысында ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Шынар  Көшербаева баяндама жасады. Оның сөзінше, жыл басынан бері елімізде адам саудасына қатысты 64 қылмыстық іс қозғалған. 

"Биылғы жылдың 8 айында адам саудасына қатысты 64 қылмыстық іс қозғалды. Бұл істер бойынша 26 адам жазаланды. Жалпы саны 39 жәбірленуші құтқарылды. Адам саудасына қатысты қылмыстардың жәбірленушілеріне 8 түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Оның ішінде медициналық, психологиялық, құқықтық сынды көмектер бар", – деді Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі. 

Брифингте БАҚ өкілдері бір адам өмірі "қара" нарықта қаншаға бағаланады деген сауал жолдады. Шынар  Көшербаева бұл бағытта нақты статистика жоғын айтады. Оның сөзінше, бұл жәбірленушінің жасына да байланысты. 

"Егер бала саудасын алып қарасақ, бір баланың өмірі 2-3 мың долларға бағаланып жататын жайттар болады. Қылмыстық істерді зерттей келе тіпті сәбилерді үй мен көлікке ауыстыруға уағдаласқандарды анықтадық. Бұл ретте адам саудасы елімізде тыйым салынғанын және оның өте ауыр қылмыс екенін ескерткім келеді", – деді ол. 

ІІМ Көші-қон комитетінің Сыртқы миграция басқармасының басшысы Асқар Алдоңғаров мигранттар тақырыбына тоқталды. Оның айтуынша, елімізге сырттан келген азаматтар үшін әкімішілік кедергілерді алып тастау үшін бірқатар жұмыс жүргізілген. 

"Жыл басынан бері шетелден келген мигранттарды тіркеу алынып тасталды. Сонымен қатар ЕАЭО-дан келген адамдарға келіп-кету уақыты 90 күн деп белгіленді. Бұған қоса бұрын миграциялық пунктен өту үшін шетелдіктер 7 күн бұрын рұқсат қағазын алуға міндеттелсе, енді бірден тексеруден өте алады", – деді Асқар Алдоңғаров. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу