Адам өміріне араша түскен 11 оқушыны министр марапаттады

595

Елдің әр өңірінде адам өміріне араша түсіп, ажалдан құтқарған мектеп оқушыларын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Астанаға шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Адам өміріне араша түскен 11 оқушыны министр марапаттады Фото: halyq-uni

Бүгін елордаға Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарынан 11 оқушы келді. Олар төтенше жағдай кезінде батыл әрекет жасап, ондаған адамның өмірін сақтап қалды. Батыр балалардың ең кішкентайы – сегіз жасар Нұриден Амантай.

Ол өрт ортасынан қарындасын аман алып шықты. Әмірхан Абай, Нұрболат Ермағамбет және Сұлтан Малқаджар суға батып бара жатқан досын құтқарса, тоғыз жасар Жансерік Әлім өрт кезінде қарындастары мен інісіне көмек көрсетті. Оразали Зиноллаев, Саян Еспул, Марал Ганиев және Нұрполат Нұркелді балаларды судан алып шықты.

Балаларды Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев алғыс хаттармен марапаттады.

"Адам өмірін құтқару - үлкен ерлік. Біздің мектеп оқушыларының арасында өзгелерге үлгі боларлық өжет, ержүрек, батыл балалардың бар екендігі мақтаныш. Осындай азаматтар тәрбиелегені үшін ата-аналарыңыз бен мұғалімдеріңізге алғыс айтамын", - деді Ғани Бейсембаев.

Кездесуге ҚР еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, қазақстандық дзюдошы және самбист Руслан Сейлханов қатысты. Батыр балалар мен олардың ата-аналарына министр Алғыс хат, энциклопедия, спорттық жабдықтар және лагерьге жолдамалар табыстады.

Оқушылар сондай-ақ Астананың көрікті жерлерін аралады, өздері үлгі тұтатын тұлғалармен кездесті. Олардың қатарында бокстан әлем чемпионы және Қазақстан ұлттық құрамасының футболшылары бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу