Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялауда қай елдің вакцинасы қолданылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрдің дерегінше, жатыр мойны обыры бойынша жылына 1800-1900-дей жаңа науқас тіркеледі.
“Негізінен бұл жас әйелдер. 600-дейі қайтыс болып жатады. Бүгінде 130-дан астам мемлекетте бірнеше жылдан бері жатыр мойны обырының алдын алуға бағытталған вакцинация қолданылады”, - деді ол.
Ақмарал Әлназарова бүгінде еліміз адам папиллома вирусына қарсы көпвалентті вакцинаға тоқтағанын жеткізді.
“Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, қазақстандық ғалымдар мен сарапшылардың ұсынысы. Негізінен АҚШ-та шығатын вакцина. Басқа елдерде тек қана 11 жаспенен шектелмей, басқа жастағы қыздарға да екпе жасап жатады”, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Тілшілер “Бұл вакцина бедеулікке алып келетіні миф пе?” деп нақтылады.
“Иә, бұл миф. Мұны түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі деп білемін. Сондықтан барлық медицина қызметкерін оқыту, ата-аналарға және қыз балаларға түсіндіру жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін белсенді түрде жүргізетін боламыз”, - деді Ақмарал Әлназарова.
Сөзінше, вакцинаны сатып алуға 9,5 млрд теңгедей қаражат бөлінді.
“370 мыңнан астам екпе алынды, 175 мыңдай қыз бала вакцинацияға жатады. Негізгі цикл екі вакцинадан тұрады. (…) АҚШ-тың вакцинасын алуға шешім қабылданды”, - деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрі.
Айта кету керек, бұл вакцинация ата-ананың келісімі негізінде ғана жүргізіледі.