"Адам папиллома вирусына" қарсы екпе салу науқаны қайта басталады

934

Жыл сайын елімізде бұл сырқаттан 600, күніне шамамен 2 әйел көз жұмады. 

"Адам папиллома вирусына" қарсы екпе салу науқаны қайта басталады Фото: Getty images

Келер жылы елімізде "адам папиллома вирусына" қарсы екпе салу қайта басталмақ. 10 жыл бұрын Денсаулық сақтау министрлігінің бұл вакцинаны міндетті егу күнтізбесіне енгізу жоспары сәтсіздікке ұшыраған еді. Бұл жолы жауапты ведомство науқанға тыңғылықты дайындық үстіндеміз, бұрынғы қателікті қайталамаймыз, деп отыр. Оған қаншалықты сенуге болады?

2013 жылы елімізде 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы екпе салу басталды. Павлодар қаласындағы 2 оқушы осы вакцинаны көтере алмай, реанимациядан бірақ шыққан еді. Артынан қыздардың препараттан емес, вакцинация жүргізу тәртібінен талып қалғаны дәлелденсе де, халық дүрліккен соң, науқанды тоқтатуға тура келді. Енді, міне, араға 10 жыл салып оны елге қайта әкелмекші.

"Біз 2013 жылғы вакцинаны міндетті егу күнтізбесіне енгізерде сәтсіздікке ұшырағанымызды мойындаймыз. Одан сабақ алдық, шешім шығарылды. Қазіргі кезде екпені мақсатты аудиторияның 95 пайызы алуы керек деген ұстаным жоқ. Ең алдымен халықтың сенімім ұялату керек. Бұл екпеге түбегейлі қарсылық білдіретіндер бар, алғысы келетіндер де жеткілікті. Сондықтан екпені алғысы келетіндерге мүмкіндік беріп, солар арқылы оның ешқандай зияны жоқ екенін көрсеткіміз келеді",- дейді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова.

Расымен қоғамның күдік-күмәнін бірден сәйілту қиынға соғары анық. Халық арасында бұл екпе бедеулікке алып келеді деген пікір қалыптасқан. Алайда, әлемдік тәжірибе басқаша. Ең көп таралған аурулар ішінде омырау рагынан кейін екінші орында тұрған жатыр мойны обыры осы вирустан болатыны дәлелденген. "Адам папиллома вирусына" қарсы екпені алғаш енгізген мемлекеттердің бірі Австралияда әйелдердің бұл ауруға шалдығуы 50 пайызға кеміген. Сондықтан вакцинаға оң қабақ танытатындар да көп. Солардың бірі  Дария. Осыдан 1 жыл бұрын Италияда 12 жастағы қызына вакцина салғызыпты.

"Италия мемлекетінде бұл вакцина міндетті күнтізбеге осыдан 10 жылдай бұрын енгізілген. Ол мемлекетте алғашқы болып салынған. Салдыртқан қыз балаларда уже балалары бар. Және 12 жастан бастап салдыртады екен, салдырттық. Ешқандай реакция болған жоқ қызымда, ешқандай қызуы да көтерілген жоқ",- деді қала тұрғыны Дария.

Денсаулық сақтау министрлігі вакцинация 2024 жылы бірден басталып кетпейтінін айтады. Себебі, оны таңдап, сатып алуға біраз уақыт қажет.

"Қазір нарықта вакцинаның 3 түрі бар. Ең тиімдісі  9 штамға қарсысы. Бірақ оған қол жеткізген елдердің саны шектеулі және бағасы да қымбат. Сондықтан екпенің қолжетімділігі, тиімділігі мен бағасын ескеріп, бір шешім шығарылады. Екпе 11 жастағы қыз балаларға тегін салынады. Одан кейін ниет білдіріп жатса, 12, 13 жастағы қыздарға вакцина алғызамыз",- деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова. 

Жатыр мойны обыры  вакцинация арқылы алдын алуға болатын жалғыз онкологиялық ауру. Жыл сайын елімізде бұл сырқаттан 600, күніне шамамен 2 әйел көз жұмады. Көбіне 40-44 жастағы еңбекке жарамды азаматтар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу