Суицид жасауға бейім, зорлық-зомбылық қылмысы үшін сотталған азаматпен бірге тұратын және адам саудасының құрбаны болған балалар туралы бірыңғай дерекқор құрылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында жазылған, деп хабарлайды inbusiness.kz informburo.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрлігі өзіне қол жұмсауға бейім кәмелеттік жасқа толмаған балаларды анықтаудың бірыңғай алгоритмі мен олармен жұмысты ұйымдастыруға арналған құралдарды әзірлеп жатыр.
"Қолайсыз отбасыларда тұратын, сондай-ақ отбасының цифрлық картасы шеңберінде балаларға қатысты өмірлік қиын жағдайдағы "тәуекел тобындағы" кәмелетке толмағандардың республикалық дерекқорын құру жөнінде ұсыныстар енгізіледі. Мұнымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық, суицид, кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер фактілерін қоздыратын материалдарды БАҚ пен әлеуметтік желілерде тарату шектеледі", – делінген жоспарда.
Дерекқорға келесі балалар мен жасөспірімдер туралы мәліметтер кіреді:
- бұрын зорлық-зомбылық қылмысы үшін сотталған адамдармен бірге тұратын;
- олардың денсаулығы, өмірі және жыныстық тұтастығына қол сұғатын қылмыстардың құрбандары;
- кәмелетке толмағандар саудасының құрбаны болған, заңсыз ұрланған немесе елден тыс жерлерге көшірілген;
- тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар, ата-аналары немесе оларды алмастыратын адамдар, қамқоршылар және басқа туыстары тарапынан қатыгездікке ұшырағандар;
- өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасағандар;
- жүкті немесе жүктілігі үзілгендер;
- құқық бұзып профилактикалық есепте тұрған, қайыр сұраумен, қаңғыбастықпен жүйелі түрде айналысатындар;
- себепсіз сабақтан қалатындар;
- ойынға тәуелділігі барлар (лудомания);
Білім басқармалары жанындағы балаларды қолдау жедел желілері мен чаттары іске қосылады. Сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен отбасыдан шыққан, "тәуекел тобындағы" балалар мұражай, театр, кітапхана, спорт сарайы секілді мәдени ойын-сауық, спорт орталықтарына тегін кіруі үшін бірқатар шара қабылданады.
Комитеттің алдағы екі жылға арналған жоспары 21 ақпанға дейін қоғамдық талқыға шығарылды.