"Адамдарды лаңкестермен бірге соғысуға шақырған": Ақтөбелік тұрғын үйінде қарудың түр-түрін сақтаған

Жылдың басынан бері ҰҚК тергеген террористік және экстремистік қылмыстар бойынша бірнеше қазақстандық азамат және 2 шетел азаматы сотталған. 

"Адамдарды лаңкестермен бірге соғысуға шақырған": Ақтөбелік тұрғын үйінде қарудың түр-түрін сақтаған Фото: Kazgazeta.kz

Енді Ақтөбе мен Қаскелең қаласында терроризмді насихаттаған қос тұрғын 9 жыл бас бостандығынан айырылып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ұлттық қауіпсіздік қызметі ақтөбелік ер адамның жан-жағындағыларды лаңкестер жағында шетелдегі соғысқа қатысуға шақырып, өзі де оларға қосылуды жоспарлағанын анықтаған.

Тінту барысында күдіктіден 2 автомат, 8 тапанша, 8 мылтық, 3 шолақ қару, жасырын тасымалданатын гарнитурасымен 6 радиостанция, 3 түтін шашкасы, 1 жарық гранатасы және 581 патроны табылған.

Сондай-ақ, Қаскелең тұрғыны терроризмді насихаттағаны және террористік әрекеттерді ұйымдастыруға адамдарды шақырғаны үшін 9 жылға сотталды. Фигурант Қазақстанда резонансты зорлық-зомбылық акциясын жасау үшін лаңкестік топ құруды жоспарлаған. Осы мақсатпен басқа діндар адамдарға лаңкестік идеологияны сіңіріп, оларды өз қатарына тартуға әрекет еткен.

– Осы жылдың басынан ҰҚК тергеген қылмыстық істер бойынша террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін әртүрлі мерзімге 34 адам, сондай-ақ 2 шетел азаматы сотталған. Олар терроризмді насихаттағаны, діни араздық тудырғандығы, террористік және экстремистік топтардың әрекетіне тартқаны, құрғаны және оларға қатысқаны, тыйым салынған ұйымдардың әрекетіне қатысқаны үшін кінәлі деп танылған, – деп мәлімдеді ҰҚК.

Қазіргі уақытта тағы 23 адамға қатысты тергеу жалғасып жатқан көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу