"Адамды мазақ етіп қорлайды": Депутат тікелей эфирде қауіпті пранк жасағандарға жазаны күшейтуді ұсынды

624

"Треш-стриминг" ұғымын заңнамалық тұрғыдан айқындау қажеттігі айтылды.  

"Адамды мазақ етіп қорлайды": Депутат тікелей эфирде қауіпті пранк жасағандарға жазаны күшейтуді ұсынды Фото: el.kz

Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантайұлы өзінің депутаттық сауалында цифрлық кеңістіктегі заңсыз контентке жауапкершілікті күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Тікелей эфирде балағат сөз айту, адамды қорлау, ар-намысына тию, қауіпті пранктер ұйымдастыру жиілеп барады. Стримерлердің кейбірі мұны әдейі жасайды. Себебі дөрекі әрі арандатушы контент көп қаралым жинайды. Ал қаралым лайк пен донатқа, кейде жарнамадан түсетін табысқа ұласады. Сөйтіп, заңға қайшы әрекет кей жағдайда ақша табудың құралына айналып отыр", – деді депутат.

Жарқынбек Амантайұлы  әлеуметтік желідегі тікелей эфирлер барған сайын коммерциялық сипат алып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, кейбір стримерлер көрермен жинау үшін әдейі жанжал ұйымдастырады. 

"Адамды мазақ етеді, қорлайды. Тіпті тікелей эфирлерде айтуға ауыз бармас анайы әрекеттерге баруы да жиілей түскен. Ал, мұны бір уақытта әртүрлі жастағы (кәмелетке толған, толмаған) мыңдаған адам көріп отыруы мүмкін. Мәселен, Қытайда жүріп пранк жасаған Қазақстан азаматы жауапкершілікке тартылды. Көпшілік назарын аудартамын деп еліміздің абыройына нұқсан келтірді. Біздің қоғам үшін үйреншікті жайға айнала бастаса да, өзге елдерде асқан мәдениетсіздік, заң бұзушылық ретіне танылып, қоғамда қатаң айыпталады", – деді ол.

Құрылтай депутаты Үкіметтен "треш-стриминг" ұғымын заңнамалық тұрғыдан нақты айқындап, зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлау мен әдейі арандатушы әрекеттерді тікелей эфирде насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.

"TikTok, Instagram, YouTube және басқа да платформалармен бірлесіп, құқыққа қайшы тікелей эфирлерді жедел анықтау, бұғаттау және авторларын сәйкестендірудің тиімді тетігін қалыптастыру ұсынылды. Азаматтарды олардың келісімінсіз эфирге шығару, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру жағдайларында жәбірленушілердің құқықтарын қорғаудың тетіктерін күшейтуді; тікелей эфирлер мен әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентке тұрақты мониторинг жүргізудің бірыңғай мемлекеттік жүйесін қалыптастырып, оның нәтижелері бойынша қоғамға ашық ақпарат беруді сұраймыз", – делінген депутаттық сауалда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу