Елімізде "адамның түрін тануға кедергі келтіретін" киімдерге заңмен тыйым салу ұсынылды. Бұл туралы дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың халыққа есеп беру кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда министрлік заңдарға өзгерістер енгізу топтамасын әзірлеп отыр екен. Топтама негізін "Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы" құрайды. Ол мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастың жаңа форматын ұсынады. Топтаманың екінші бөлігі - "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар жөніндегі" заң жобасы. Қазір ол әзірлену үстінде.
Жоба келесі нормаларды ұсынады: шетелде діни білім алуды реттеу; қоғамдық орындарда адамның түрін тануға кедергі келтіретін киімдерге заңмен тыйым салу; діни бірлестіктердің қаржылық ашықтығын қамтамасыз ету; діни көзқарасқа қарамастан барлық санаттағы адамдардың, деструктивті (теріс) идеологиялық, соның ішінде діни ағымдардың сыртқы көріністеріне тыйым салу құқығын қорғау; мемлекеттік қызметшілердің діни қызметке қатысуын реттеу; кәмелет жасқа толмағандарды діни қызметке заңсыз тартуға жауапкершілікті күшейту.