ҚР Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті жүргізген мониторинг нәтижесінде 42 мың атқарушылық іс жүргізу бойынша 4,4 млрд. теңге мөлшерінде өндіріп алушыларға ақшалай қаражаттың аударылмағаны анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Комитеттің араласуынан кейін 34 мың атқарушылық іс жүргізу бойынша 2,4 млрд теңгеге азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Оның ішінде мемлекет кірісіне шамамен 279 млн. теңге өндіріп алынуы қамтамасыз етілді, бұл анықталған заң бұзушылықтардың жалпы санының 81%-ын құрайды.
"Талдау көрсеткендей, көптеген жағдайларда заң бұзушылықтар заңнаманы қате қолданудан туындаған, яғни сот орындаушылары өндірілген қаражаттан өз қызмет ақыларын ұстап қалған. Аталған тәжірбие заңнама талаптарына қайшы келеді, себебі инкассалық өкімді қоюға тек бір рет және берешек шегінде ғана жол беріледі", – деп мәлімдеді министрлік өкілдері.
Бұдан былай осындай заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында Комитет өндіріп алушыларға ақшалай қаражаттарды аудару процесін автоматтандыру жұмыстары жүргізіледі. АІЖ ААЖ жүйесінде жаңа функционал (интернет-банкингке ұқсас) әзірленуде, ол қаражаттарды "Қазпошта" АҚ инфрақұрылымы арқылы аударуды көздейді.
Бұл өндіріп алушыларға қаражатты уақытылы және нысанды түрде тікелей аударуды, сондай-ақ қаражат қозғалысының ашықтығын қамтамасыз етеді.
"Қазіргі таңда Парламент Мәжілісінің қарауындағы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы аясында өндіріп алушыларға ақшалай қаражатты аудару мерзімдерін заңнамалық тұрғыдан бекіту жұмыстары жүргізіледі", – деп хабарлады министрлік.
Айта кетейік, күні кеше Талдықорғанда жеке сот орындаушысы алиментті өндіріп алып, өз қалтасына басқанын жазған едік.