Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Әділет вице-министрі Ақерке Ахметова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"2022 жылғы 20 маусымда Мемлекет басшысы зияткерлік меншік саласындағы заңнамалық түзетулерге қол қойды. Заң бойынша жұмыс зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша кезекті қадам болды. Бұл процесс ұлттық заңнаманы осы саладағы халықаралық шарттармен үйлестірумен негізделген", – деді спикер.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта Қазақстан 19 халықаралық шарттың және 25 өңірлік келісімінің қатысушысы болып табылады. Осыған байланысты, Парламент Мәжілісімен 2 жыл бұрын Әділет министрлігіне осы саладағы құқық қолдану практикасына талдау жүргізу ұсынылды.
"Әділет министрлігі Reed Smith компаниясының заң кеңесшілерін тарта отырып, талдау қорытындысы бойынша зияткерлік меншік саласын одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар әзірледі. Жүргізілген жұмыс нәтижелері Мәжіліс депутаттарына таныстырылды және талқылаудан кейін депутаттық бастаманың негізіне алынды. Заң жобасы бойынша авторлар мен құқық иеленушілердің, патенттік сенім білдірілген өкілдердің, ғалымдардың, ұжымдық ұйымдар, мүдделі мемлекеттік органдар мен "Атамекен" ҰКП өкілдерінің барлық мүдделі тараптарын тарта отырып, кеңінен талқылау жүргізілді", – деді Ақерке Ахметова.