"Адвокаттық қызмет және заңдық көмек" туралы қолданыстағы заңға өзгеріс енгізіледі, деп хабарлайды abctv.kz.
"Облыста адвокаттардың саны шектеулі. Тіпті тапшы десе де болады. Олар мұны жақсы біледі. Сондықтан алдарына келген адамдардан көрсететін қызметтері үшін өте үлкен ақша сұрайды. Бірақ алған ақшаларын ақтайтындарына ешқандай кепілдік бермейді. Жаңа заң осы қайшылықты реттеуді көздейді", – деді ШҚО әділет департаментінің басшысы Ерлан Дауылбаев.
Белгілі болғандай, "адвокаттық қызмет және заңдық көмек" туралы қолданыстағы заңға бірнеше өзгеріс енгізілмекші екен. Біріншіден, заңдық кеңес берушілер арнайы палатаға біріктіріледі. Екіншіден, адвокат қызметінің құнын белгілейтін арнайы кесте түзу ұсынылуда. Үшіншіден, адвокат пен жүгінуші арасындағы келісімшарт сақтандырылады. Төртіншіден, қызметі сапасыз болған адвокаттар мен кеңес берушілерді жауапқа тарту тетіктері жетілдіріледі. Бесіншіден, адвокат тапшылығын шешу үшін осы мамандыққа өтудің шарттары оңтайланады. Алтыншыдан, өзге мамандық иелері сияқты адвокаттар да аракідік аттестациядан өтіп, біліктілігін арттырып тұрады.