Адвокаттар алқасына төрағалық ету мерзімі шектелді

1001

Адвокаттар алқасына төрағалық ету мерзімі шектелді

Енді Қазақстанда бір адам адвокаттар алқасын қазіргідей 25-30 жыл басқара алмайды.  "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" заң жобасында төрағалық лауазымда болу мерзімін шектейтін норма енгізіліп отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

Жаңа заң жобасына сәйкес адвокаттар алқасының төрағасы бір мерзімге ғана сайланады, яғни төрт жылға. Әділет министрі Марат Бекетаев неге осындай норманы енгізу қажет болып отырғанын түсіндірді. 

"Бұл халықаралық тәжірибе. Шетелде адвокаттар алқасының төрағасына жалақы төленбейді немесе ол символдық мәндегі еңбекақы алады. Осы уақытта төраға адвокаттық қызмет ұсынбайды, жалақысы жоқ, сондықтан бір-екі жылдан кейін орнын босатып, адвокаттық қызметін жалғастырады. Ал бізде төраға жалақы алады. Өкінішке қарай, біз осындай ұсыныс жасауға мәжбүр болдық. Өйткені адвокаттар алқасы жұмысының тиімділігі төмен", — деді министр бүгін мәжілістің жалпы отырысында.

Өз кезегінде мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл бастамаға қолдау білдірді. 

"Бізде заңгерлік қызмет, заңгерлік көмек көрсетудің сапасы туралы үнемі айтып жүрміз. Бұл сапа қайдан болсын? Өңірлерде адвокаттар алқасын бір адам ондаған жыл басқарып отыр емес пе?! Мәселен, Маңғыстау облысында адвокаттар алқасының төрағасы 25 жыл, Алматы облысында 27 жыл, Атырау облысында 31 жыл отыр. Ал Ақтөбе облысындағы төраға бәрінен асып түсті – 33 жыл.  Бұл дегеніміз не? Яғни, азамааттарға заңгерлік қызмет көрсету саласында бәсекелестік мүлдем жоқ деген сөз. Олар өз ісінің шебері шығар. Тәжірибелі мамандар екені даусыз. Бірақ қазір заман басқа", - деді төраға. 

Ол бүгінгі күні бәсекелестік көп мәселені шешетінін айтты. Сонда ғана қызмет сапасын жақсартуға ынта болады. 

"Адвокаттар қоғамдастығындағы бәсекелестік олардың біліктілігін көтеруге де ықпал етеді. Екінші жағынан, азаматтарға таңдау жасауға  мүмкіндік береді. Сондықтан бұл норманы қабылдау керек. Маған әлі күнге дейін хат жазады. Өңірлердегі, республикалық адвокаттар қоғамдастығы мұны жасамау керек деп өз дәлелдерін айтып отыр. Бірақ бұл әлемдік тәжірибе, бізге алға ілгерілеу қажет", - деп түйді сөзін Нығматулин. 

Мәжіліс депутаттары заң жобасын бүгін бірінші оқылымда мақұлдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу