Астана экономикалық форумын шетелдік басылымдар талқылап жатыр, деп хабарлайды 24.kz.
Қазір форумда мыңдаған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Оның 120-сы – шетелдік журналист. Олардың қатарында Bloomberg, The Wall Street Journal, РБК, "Рейтер" және басқа да агенттіктердің тілшілері бар.
Әйгілі The Latin American Herald Tribune астаналық диалог алаңының ауқымдылығын атап өтті. Журналистер форумға Apple компаниясының негізін қалаушылардың бірі Стив Возняк, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан ги Мун мен Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олландтың қатысып жатқаны туралы жарыса жазып жатыр. Жаһандық сын-тегеурін саммитіне 24 мемлекеттен 450-ге жуық саясаткер, ғалым, экономист, журналистер келді. Олар шамамен 100-ге тарта панелmдік сессияларға қатысып, түрлі тақырыпта ой қорытпақ.
Ресейдің "Интерфакс" ақпараттық агенттігі Астана экономикалық форумы кезінде Қытай мен Еуразиялық экономикалық одағы елдері сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанын жариялады. Бұл құжат кедендік рәсімдер, халықаралық сауда рәсімін жеңілдету және зияткерлік меншік мәселелерін қамтиды.
Ынтымақтастық жөнінде келісімдерге қол қойылды. ҚХР-ның сауда министрлігі өкілінің айтуынша, Қытайдың Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сауда-саттығы қарқынды дамып келеді. 2017 жылы қос тарап арасындағы алыс-беріс 21 пайызға өсіп, 109,4 млрд долларды құраған.
Әзербайжанның Каспий өңірі, Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азия жаңалықтарын жариялайтын тәуелсіз Trend басылымы Астана экономикалық форумының маңыздылығына тоқталған. Журналистер мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың "криптовалюта пайдалануда жалпы ережелер қабылдау" керек деген пікірін жариялады.