АЭС бөліп төлеу арқылы салына ма?

221

Үкімет атом электр станциясы еліміздегі ең ірі инвестициялық жобаға айналады деп отыр. 

АЭС бөліп төлеу арқылы салына ма? Фото: qazdauiri.kz

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров АЭС салуға жұмсалатын қаржы қайдан алынады деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Министр бұл ірі инвестициялық жоба болғандықтан, оған қомақты қаржы керек екенін жасырмады.

"Біз тарихта бірінші жасап отырған жоқпыз. Бүкіл дүние жүзінде қаншама (АЭС) салынған, салынып жатыр әлі. Соған қарағанда экономикалық тартымдылығы бар жоба болып есептеледі. Әрине, оған қаржы берушілердің де, қызығушылық танытатын да қаржы ұйымдары болатынына сенімдіміз. Меніңше, оның ішінде біз өзіміздің қаржы институттарын да тартуымыз керек. Қаржы экономикамызда да қалғаны дұрыс. Ол жағын да ойластыратын боламыз. Менің орынбасарымның (ред. – Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов)  "бөліп төлеу туралы" айтқаны тек бір механизм. Бізге ең пайдалысын, ең тиімді қаржы тетігін өзіміз таңдап аламыз, бұл жұмысқа қаржы блогы, "Бәйтерек" қорын да жұмылдырамыз. Біздің қаржыгерлер бар, Ұлттық банктің мамандары бар. Бізде қаржылық құзырет бар. Ең тиімді қаржы тетігін, қаржыландыру көздерін таңдап аламыз деп ойлаймын. Бөліп төлеу бола ма, жобалық қаржыландыру бола ма – қаржыландырудың тетіктері көп. Бұл саланы дұрыстап зерттеуіміз керек деп ойлаймын. Өйткені мұндай жобамен бірінші рет кездесіп отырмыз", - деді Нұрлан Байбазаров.

Тілшілер АЭС-ке тартылатын қаражаттың қайтарымы ел қазынасына салмақ түсірмей ме деп нақтылады.

"Тәуекелдерді айтқан дұрыс қой. Біздің мақсатымыз – тәуекелдер болғандықтан, солармен күресу, олардың кейінгі теріс әсерлерін барынша азайту. Онда тәуекелдерді азайтудың қаржылық көздері бар. Оның бәрі қолданылатын болады. Меніңше, мұндай жобаларда екі есе өсуге жол берілмеуі керек", - деді Ұлттық экономика министрі.

Айта кету керек, осыған дейін АЭС құрылысы қаражатты бөліп төлеу арқылы жүргізілуі мүмкін екенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу