Несие аларда ескеретін 7 кеңес

137

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазақстандықтарға несие аларда келісімшарт талаптарын мұқият оқуға кеңес берді.  

Несие аларда ескеретін 7 кеңес Фото: fingramota.kz

Қарыз аларда оның шарттарын мұқият оқымаған азаматтар кейін сан соғып қалуы мүмкін екенін ескертеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Мамандар мынандай кеңес береді: 

  1. Шарттың басты беті: онда негізгі ақпарат бар. Құжатта қарыз сомасы мен мерзімі, сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі, өтеу әдісі, мерзімінен бұрын өтеу шарттары, айыппұлдар мен өсімпұлдардың мөлшері жазылған.
  2. Несиенің толық құны: ай сайынғы төлемдерді, комиссияларды және сақтандыру сыйлықақыларын қоса алғанда, барлық төлемдермен қарыздың толық құны қанша болатынын мұқият бағалау керек.
  3. Ең қолайлы өтеу әдісін таңдаңыз: аннуитеттік (теңтөлемдер) немесе сараланған (төлемдер азаяды).
  4. Несие беру мерзімі: есіңізде болсын, кредиттеу мерзімі неғұрлым көп болса, артық төлем соғұрлым жоғары болады. Ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу шарттарын және комиссиялардың болуын нақтылаңыз.
  5. Айыппұлдар мен комиссиялар: төлем мерзімін кешіктіргені немесе шарттың талаптарын өзгерткені үшін өсімпұлдар мен өзге де төлемдерді есептеу тәртібін тексеріңіз.
  6. Дербес деректер: олардың дұрыс көрсетілгеніне көз жеткізіңіз және оларды өңдеу және үшінші тұлғаларға беру тәртібімен танысыңыз.
  7. Шартқа қосымшалар: төлем кестесі және шартқа жадынама қарыз шартының ажырамас бөлігі.

Агенттік өкілдері шартқа қол қоймас бұрын барлық сұрақты нақтылап алуды ұсынады.

"Шартқа қол қоймас бұрын қаржы ұйымының өкіліне барлық қажетті сұрақтарды қойыңыз. Қажет болса, қосымша кеңес алыңыз. Кредит бойынша міндеттемелерді орындау кредиттік тарихқа әсер ететінін ұмытпаңыз. Төлемдерді уақтылы төлемеу айыппұлдардың есептелуіне, берешектің өсуіне және қаржылық қызметтерге қолжетімділіктің шектелуіне әкелуі мүмкін", – деп ескертті мамандар.

Қазақстанда 19 наурызынан бастап тұтынушылық несие берудің жаңа ережелері күшіне енді. 

Енді төлемді кешіктірген азаматтарға несие алу қиындай түседі. Бұл өзгерістер жыл басында қабылданған "Банктер және банк қызметі туралы" заң аясында енгізіліп отыр.

Бұрын қарызды 90 күннен астам уақыт өтемегендерге ғана несие беруге тыйым салынатын. Енді бұл мерзім 30 күнге дейін қысқартылды. Яғни, бір айдан аса төлем жасалмаса, жаңа несие рәсімдеуге шектеу қойылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу