Бүгін Парламентте "Ауыл" ХДПП Төрағасы Серік Егізбаев елімізде Аграрлық Банк құру мәселесі қалай жүріп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, былтыр желтоқсан айының басында Парламенттің екі палатасының барлық депутаты Үкімет, Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алдында елдің аграрлық саласында жылдар бойы жинақталған мәселелерді шешудің негізгі жолдарының бірі ретінде мемлекеттің 100% қатысуымен Аграрлық Банк құру мәселесін қайта көтерді. Бұл мәселені Парламент депутаттарымен кездесулер кезінде республиканың барлық өңірінің фермерлері мен шаруалары жылдар бойы айтып келеді.
"Агробанк Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан сынды жақын көршілерімізде ғана емес, ЕуроОдақ елдерінде де азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында табысты жұмыс істеуде. Біз мұндай мемлекеттік саясат нәтижесін дүкендеріміздің сөрелерінен отандық өнімдерімізді ығыстырған осы елдердің ауылшаруашылық өнімдері арқылы күн сайын көреміз. Үкімет қазіргі шақырылым депутаттары жұмысын бастаған кезде осы мәселе – АӨК қаржы жүйесінің жұмыс істеу тиімділігін арттыру, оның ішінде Агробанк құру қажеттілігін жоққа шығару бойынша айтарлықтай қатаң және біржақты ұстанымда болды", - деді Егізбаев.
Сонымен қатар ол "Ауыл" партиясы парламенттік фракциясы депутаттарының табандылығы мен дәйектілігінің арқасында сең қозғалғанын жеткізді.
"Жақында біз желтоқсан айындағы сауалымызға жауап алдық. Жауаптың негізгі өзегін сөзбе-сөз келтірейін: Министрлік елдің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында банктік несиелеу бөлігінде ауыл шаруашылығын қаржыландыруды кеңейту маңыздылығын қаперге ала отырып, мүдделі мемлекеттік органдармен Агробанк құру мәселесін пысықтауда, делінген. Сондай-ақ Ұлттық Банк ұлттық даму институты ретінде Агробанк құруға қарсы емес. Олар: Агенттік депутаттар бастамасына қарсы емес және ауыл шаруашылығы саласын дамыту институты ретінде мемлекеттік Агробанк құру мүмкін деп санайды, деп жауап берді", - дейді партия төрағасы.
Жиын барысында Серік Егізбаев барлық әріптестеріне, 6 парламенттік фракциядағы Парламент Мәжілісі депутаттарына, Парламент Сенаты депутаттарына барлық экономикалық және климаттық қиыншылықтарға қарамастан республикамыздың гүлденуі мен өркендеуі жолында күн-түн демей еңбек етіп жүрген ауылдастарымызды қолдау жөніндегі түбегейлі мәселеде бірауызды ұстанымда болғаны үшін алғыс айтты.