Ауылшаруашылығы министрлігі агрохолдингтердің қарызын есептеп жатыр. Таяу күндері тәуелсіз сараптама жасайтын консалтингтік компанияға байқау жарияланады. Ауылшаруашылығы министрлігі консалтингтік компанияның жүргізетін сараптамасы негізінде агрохолдингтердің жағдайымен толық танысуға мүмкіндік аламыз деп үміттенеді, деп хабарлайды abctv.kz.
"Әр түрлі қарыз бар. Банк қарызы, банктің емес құрылымдардан алынған қарыз бар. Сондықтан қазір осы жағдайды анықтап алу үшін сараптама жасауды ұсынып отырмыз. Банктегі несиелер қарыздың жартысы ғана", – деді abctv.kz-ке ауылшаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева.
Бүгінгі таңда белгілі болып отырған қарыз (тек банк және қаржы ұйымдарына ) көлемі 800 млрд теңге. Ал тәуелсіз сараптамадан кейін бұл қарыздың көлемі қанша болатынын айтуға ауылшарашылығы министрлігіндегілердің дәті бармай отыр. Бірақ та кәсіпорындардың жартысын "сақтауға" болады деп отыр.