Агроөнеркәсіптік кешенге құйылған инвестициялар көлемі артты – сарапшылар

593

Инвестицияның басым бөлігі маусымдық дақылдарды өсіру саласына жұмсалды.  

Агроөнеркәсіптік кешенге құйылған инвестициялар көлемі артты – сарапшылар Фото: egemen.kz

Биылғы қаңтар айында ауыл, орман және балық шаруашылығы саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 29,4 млрд теңгені құрады. Бұл 2022 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда құндық мәнде 36,3%-ға көп, деп жазады inbusiness.kz finprom.kz порталына сілтеме жасап.

Өткен жылғы 12 айда АӨК-ке құйылған инвестициялар көлемі 853,5 млрд теңгені құрады. Осылайша бұл 2021 жылғы тиісті кезеңге қарағанда ақшалай мәнде 10,4%-ға артық.

2023 жылғы қаңтарда сектордағы инвестициялардың жартысы Солтүстік Қазақстан (9,8 млрд теңге) мен Ақмола (5,1 млрд теңге) облыстарының үлесіне тиді. Бұдан бөлек инвестицияның айтарлықтай көлемі Қостанай (3,8 млрд теңге), Павлодар (3,1 млрд теңге), Алматы (2,8 млрд теңге) облыстарына да тиесілі.

Ресурстың жазуынша, агроөнеркәсіптік кешенге құйылған инвестициялардың барлығы дерлік өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, аң аулауға және осы салаларда қызмет көрсетуге жұмсалған.

Атап айтқанда, маусымдық дақылдарды өсіруге – 18 млрд теңге,  мал шаруашылығына – 8,9 млрд теңге, бұдан басқа аралас ауыл шаруашылығына 2,3 млрд теңге бағытталды.

Қаңтар айы бойынша сектордағы инвестициялардың көлеміне келсек, 21,8 млрд теңге кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен қамтамасыз етілді. Ал, 4,9 млрд теңге банктік емес қарыз қаражатына, 2,7 млрд теңге банктік несиелерге тиесілі.

АӨК саласындағы бір қызметкердің орташа айлық еңбекақысы – елдегі ең төмен жалақының бірі. Ол 2022 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында 189,1 мың теңгені құраған. Бұл ретте сектордағы жалақының сатып алу қабілеті 9,7%-ға артқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу