АХҚО 4,4 млрд доллар инвестиция тартқан

1017

2025 жылға дейін орталықта тіркелген компаниялардың санын 2 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

АХҚО 4,4 млрд доллар инвестиция тартқан

"Астана" халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) жұмысын бастағалы бері 4,4 млрд доллар инвестиция тартқан, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
2025 жылға дейінгі даму стратегиясы аясында АХҚО Орталық Азиядағы өңірлік қаржы орталығы ретінде қалыптасуды көздейді.

"Бұл мақсатты орындау үшін АХҚО 8 реформаны жүзеге асыру туралы бастама көтерді. Олардың барлығы стратегияда көрініс тауып отыр. Ұлттық Банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен тығыз серіктестік орнатудың арқасында бұл салада айтарлықтай ілгерілеушілік бар", - деп жазылған "Астана" халықаралық қаржы орталығының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
2021 жылға АХҚО бюджеттік өтінімі – 11,8 млрд теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,25 млрд теңгеге аз. 2022 жылы көрсеткіш 9,9 млрд теңге, ал 2023 жылы 9,1 млрд теңге болмақ.

"Астана" халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясында әлемнің 53 елінен 845 компания тіркелген. 2025 жылға дейін көрсеткішті 2 мыңға жеткізу жоспарда бар.
Орталық ашылғалы бері 4,4 млрд доллар инвестиция тартты. Оның ішінде 3,2 млрд доллар – тікелей инвестиция, 1,2 млрд доллар – портфельді инвестиция", - деп жазылған хабарламада.

2020 жылы АХҚО-да компаниялардың тіркелуі толығымен онлайн-форматқа көшіріліп, тіркелу мерзімі бір аптадан бір күнге дейін қысқартылды.

"Өткен жыл отандық экономика үшін күрделі болғаны белгілі. Осыған қарамастан "Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушылары төлеген тікелей салық көлемі бойынша рекорд көрсеткіш тіркелді: 5,3 млрд теңге", - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ өткен жылы биржаның орталық депозитарийі – AIX CSD-де 40 мың жаңа инвесторлық шот ашылды. 

Сонымен қатар AIX қолдауымен Tabys қосымшасы іске қосылды. Ондағы инвестиция көлемі 1 млн доллардан асты.
Ikapitalist платформасы арқылы шағын және орта бизнеске (ШОБ) берілген қарыз бен шығарылған облигацияның жалпы сомасы 2 млрд теңге болды.
АХҚО жүйесіндегі криптовалюталық жобаларды дамытуға барлық жағдай жасап отыр.

Айта кетейік, 2018 жылғы қарашада "Астана" халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастаған еді. Нәтижесінде орталыққа 321 млн доллардан аса акционерлік капитал және 900 млн долларға жуық қарыз капиталы жиналды.

Дәурен Ерболат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу