АХҚО аумағында үздік халықаралық практика қағидаттарына негізделген жаңа жоғары технологиялық биржа алаңы құрылды. АХҚО биржасы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады, деп хабарлайды abctv.kz.
Оның құрылуына және одан әрі жемісті жұмыс атқаруына Шанхай қор биржасының қосатын үлесі қомақты. Келісімге сәйкес, АХҚО биржасы акциясының 25%-ын Шанхай қор биржасы иеленді. Сондай-ақ "Астана" халықаралық қаржы орталығы тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия өңірінде активтер мен капиталдарды басқару нарығын дамытуға ықпал етеді.
Исламдық қаржыландыру нарығын дамыту да – АХҚО-ның негізгі бағыттарының бірі. Сонымен қатар, орталықта FinTech жобаларды әзірлеу мен дамытуға қолайлы жағдайлар жасалмақ. Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің дәулетті адамдарына да тиімді мүмкіндіктер ұсынып отыр.
Private Banking секторын да дамытуды қолдайды. "Жасыл" қаржы – бұл қаржы индустриясы әлеміндегі жаңа тренд. Ол "жасыл" экономика мен тұрақты дамуға өтудің ынталандырушысы болып табылады. "Жасыл" өнімдер мен қаржыландыру қызметтері экологиялық факторларды ескеріп, экологиялық инвестицияларға қолдау көрсетеді және аз көміртекті технологияларды, жобаларды, индустрия мен бизнесті дамытуды ынталандырады.