АХҚО-да алтын өндіруші ресейлік компания сатылады

865

"Астана" қаржы орталығында алғашқы шетелдік компания өз акцияларын сатуға кіріседі.

АХҚО-да алтын өндіруші ресейлік компания сатылады

Бұл ретте ресейлік "Полиметалл" кәсіпорны АХҚО биржасындағы бірінші шетелдік эмитент атанды. Бұған дейін, былтыр ашылғалы бері астаналық биржада тек "Қазатомөнеркәсіп" секілді отандық компаниялар ғана құнды қағаздарын саудалап келген.

Бүгін, 17 сәуірде Polymetal International plc ("Polymetal", "Полиметалл") жай акциялары AIX-тің ресми тізіміне енгізілді.

Полиметаллдың акциялары "POLY" тикерімен (қағаз коды) және АҚШ долларының бағамымен сатылатын әрі төленетін болады. Оларды LSE (London Stock Exchange) және MOEX (Moscow Exchange) биржаларында толықтай айырбастауға мүмкіндік берілген.

Бірақ акциялардың AIX-тегі саудасы 2019 жылдың 24 сәуірінде басталады деп күтілуде.

Компания осы арқылы қазақстандық капиталды тартуға ниетті.

"AIX-тегі листинг Полиметаллдың Қазақстандағы қызметінің алғашқы 10 жылдығына тұспа-тұс келуде. Бұл біздің акцияларымызды жергілікті инвесторлар үшін тартымды әрі қолжетімді етеді және бізге акционерлер базасын кеңейтуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз", – деп мәлімдеді "Полиметалл тобының" бас атқарушы директоры Виталий Несис.

Polymetal International plc Қазақстанда 2009 жылдан бері жұмыс істейді және қазіргі уақытта екі жобаны жүзеге асыруда: біріншісі Шығыс Қазақстанда өткен жылы іске қосылған "Қызыл" кен орны және екіншісі Қостанай облысындағы "Варваринское" кен орны. Компанияның елде сондай-ақ бірнеше геологиялық барлау жобалары бар. Қазақстанда Полиметаллдың жобаларында барлығы 2 мың 500 адам жұмыс істейді. 

2018 жылы Полиметалл елімізде 238 мың унция алтын өндіріп, 272 миллион доллар көлемінде табыс тапты. "Қызылдың" толық жобалық  өнімділігіне өтуі нәтижесінде топтың Қазақстандағы өндірісінің көлемі алдағы үш жылда 500 мың унцияға дейін артады деп күтілуде.

Бүгінде бұл инвестордың бүкіл кен қорының 38%-ы Қазақстанда орналасқан. Яғни, ғаламшардағы осы ресейлік компания өндіріп алуға құқылы 24 миллион алтын унциясының 9,1 миллионы қазақ жерінің астында жатыр.

Бүгін Мәскеу биржасында Полиметалл акциялары құлдырауда. Бүгін түс ауған шақта 2,5%-ға арзандап, бір акциясы үшін 670 рубль сұралуда.

Елордалық биржаға түскенге дейін жағдайы қандай күйде болатыны әзірге беймәлім.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу