АХҚО-дағы "құмсалғыш" жобасына қызығушылық артып келеді

110

Бұл процесс қатысушылардың дайындығына қарай ашық әрі түсінікті қағидалар негізінде жүзеге асырылады

АХҚО-дағы "құмсалғыш" жобасына қызығушылық артып келеді Фото: ar.egemen.kz

Астана халықаралық қаржы орталығының реттеушілік "құмсалғышында" бүгінде 24 компания инновациялық шешімдерін сынақтан өткізіп жатыр. Бұл туралы АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің қаржылық технологиялар департаментінің директоры Алтай Слямов мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, қазіргі негізгі міндеттердің бірі өз инновациялық өнімдері мен қызметтерін сынақтан өткізіп үлгерген қатысушылардың толыққанды реттеу режиміне кедергісіз өтуін қамтамасыз ету болып отыр.

"Бүгінде 24 компания біздің реттеушілік "құмсалғыш" аясында инновациялық қызметтерін сынақтан өткізіп, дамытып жатыр. Бірқатар компания толыққанды реттеу режиміне көшу рәсімінен өтіп үлгерген, ал кейбірі осы кезеңнің алдында тұр. Бұл процесс қатысушылардың дайындығына қарай ашық әрі түсінікті қағидалар негізінде жүзеге асырылады", – деді ол.

Сонымен қатар департамент басшысы шетелдік компаниялар тарапынан да қызығушылықтың жоғары екенін атап өтті.

"Қазіргі таңда біздің реттеушілік "құмсалғыш" аясында инновациялық шешімдерін сынақтан өткізуге ниетті халықаралық ойыншылар тарапынан үлкен қызығушылық байқалып отыр", – деді спикер.

Сондай-ақ ол орталықта реттеушілік "құмсалғыштың" нормативтік базасын жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын еске салды. Атап айтқанда, оның қатысушыларының қызметін реттейтін негізгі құжаттардың біріне өзгерістер енгізу жоспарланған.

Мұндай өзгерістер оның айтуынша, қатысушылар үшін тиімді тәсіл ұсынып, "құмсалғышқа" кіру шарттарын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл жаңашыл жобаларды сынақтан өткізуге ниетті қазақстандық және шетелдік компаниялар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталып отыр.

Бұдан бөлек ол орталықтың нарық қатысушыларымен ашық диалог жүргізуге және қаржы технологиялары мен цифрлық активтер саласындағы жаңа жобаларды қарастыруға әзір екенін еске салды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу