Бүгін "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Басқарушысы Қайрат Келімбетов Қытай Халық Республикасына (ҚХР) сапары барысында Шанхай қор биржасының (SSE) басшылығымен кездесті, деп хабарлайды АХҚО баспасөз қызметі.
АХҚО Басқарушысы бастаған делегация SSE қолдауымен 30-дан астам қытайлық инвестициялық қорлар өкілдері мен брокерлер үшін таныстырылым өткізді.
SSE 2017 жылдан бері АХҚО биржасы акционерлерінің бірі, ҚХР "Белдеу және жол" бастамасының аймақтық қаржылық қызмет көрсету орталығы ретінде АХҚО дамуына жәрдемдесумен айналысады.
Бүгінгі таныстырылым АХҚО мүмкіндіктеріне, BRI шеңберіндегі жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ Орталық Еуразия елдеріндегі жылдам дамып келе жатқан компанияларымен арадағы өзара ынтымақтастық жасау тақырыбына арналды.
"АХҚО инвесторлар мен перспективалы жобалар арасын жалғастыратын аймақтық қаржылық орталық ретінде құрылған, өйткені ол жобалар өз әлеуетінің жүзеге асуы үшін қаржыландыруды талап етеді ғой. "Белдеу және жол" бастамасы-біз үшін маңызды басымдық. Бұған қоса Қытай инвесторларымен өзара іс-қимыл жасауға ұмтылатын Ресейдің, Қазақстанның, Беларусьтің, Грузияның және өңірдің басқа да елдерінің орташа капиталдандыруы бар компаниялар да үлкен мүмкіндіктерге ие. Олар АХҚО алаңында өзара тиімді консенсусқа келе алады", - деді Қайрат Келімбетов.
Таныстырылым барысында Шанхай қор биржасының атқарушы вице-президенті Шаотун Лю AIX ашылғаннан бері қол жеткізілген қадамдарға да тоқталды. Ол Қытай брокерлері Қазақстанда бизнесті жүргізе бастағанын атап өтіп, SSE бұдан әрі де АХҚО-мен тығыз ынтымақтасуға ниеттеніп отырғанын мәлімдеді.
АХҚО мен AIX нарықтық қағидаттарға, инвестициялар мен қаржыландыруға негізделген әртараптандырылған және тұрақты шешімдерді ұсынуға, сондай-ақ Қазақстанда, Орталық Азия мен Еуразияда "Белдеу және жол" аясындағы инвестициялық жобаларға кешенді қорғау көрсетеді.
2018-2019 жылдары АХҚО өңірдегі орташа көлемді жылдам өсетін компанияларға бағытталған роуд-шоу ұйымдастырылды. Таныстырылымдар Ресей, Беларусь және Грузияның 10-нан астам қаласында өткізіліп, оған 450-ге жуық компания өкілдері қатысты. Роуд-шоу барысында АХҚО мен AIX делегациялары компания өкілдерін листинг талаптары мен рәсімдері туралы хабардар етті. АХҚО-ның инвестициялық мүмкіндіктерін пайдалану ниеті туралы 40-тан астам хатқа қол қойылды.