АХҚО органдары мен қатысушылары салықтан 50 жылға босатылады

760

 АХҚО органдары мен қатысушылары салықтан 50 жылға босатылады

"Астана" халықаралық қаржы орталығының органдары мен қатысушылары, олардың қызметкерлері салық төлемдерінен 50 жылға босатылады. Бұл туралы бүгін Astana Finance Days сессиясында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет басшысының айтуынша, АХҚО-ның тәуелсіз құзыреті болады. Дүниежүзінің барлық қаржы орталықтарындағы сияқты құқық және сот жүйесі ағылшындық жалпы құқық принциптерін ұстанады. 

"Арбитраж орталығы, халықаралық қаржы соты және тәуелсіз қаржылық реттеуші ретінде қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитет құрылды. Аталған барлық құрылымдарды әлемге танымал тәжірибелі заңгерлер басқарады. Құрметті сэр Вульф және құрметті сот мүшелері, Джадж ханым, Доман ханым, мен сіздерге Қазақстан Республикасының шақыруын қабыл алғандарыңыз үшін және сіздер шын мәнінде әлемдік қаржы жүйесінің жаңа элементі ретінде Астана халықаралық қаржы орталығының негізін салушылардың бірі болғандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын", - деді Бақытжан Сағынтаев.

Оның атап өтуінше, АХҚО органдары мен қатысушылары, сондай-ақ олардың қызметкерлері салық төлемдерінен 50 жылға босатылады. Олар - қаржылық және қосымша қызметтерден түсетін кірістерге корпоративті табыс салығы, жеке табыс салығы, жер салығы және мүлік салығы.

"АХҚО қатысушылары АХҚО биржасының келісімшарттары мен ережелерінде қарастырылған кез келген валютаны пайдалана алады.  65 елдің азаматтары, оның ішінде ЭЫДҰ барлық елдері үшін визасыз келу енгізілді.  АХҚО органдарының қызметкерлері мен қатысушылары және олардың отбасыларының мүшелері үшін 5 жылға дейін мерзімге арнайы визалық режим қарастырылды. Көліктік қолжетімділігі кеңейтілді. Бүгінде Астана тікелей әуе қатынасы арқылы әлемнің 9 қаржы орталығымен байланысады. Алдағы бір, бір жарым жыл ішінде кезең-кезеңмен жаңа халықаралық рейстер ашылатын болады: Сингапур, Токио, Нью-Йорк және тағы басқалары. Осылайша, қазіргі таңда халықаралық қаржы орталығының бірегей жұмыс механизмі құрылды", - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу