АХҚО тәжірибесін Оман, Өзбекстан және Қырғызстан қолдана бастады

267

Бұл туралы Astana Finance Days форумында АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров айтты.  

АХҚО тәжірибесін Оман, Өзбекстан және Қырғызстан қолдана бастады Фото: egemen.kz

Бірқатар мемлекет "Астана" халықаралық қаржы орталығының тәжірибесіне негізделген қаржы орталықтарын құрып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның сөзінше, Қазақстанның қаржы орталығын дамыту және инвестиция тарту тәжірибесіне шетелде қызығушылық артып келеді. АХҚО өз тәжірибесін шетелдік қаржы реттеушілерімен де бөлісіп жатыр. Биылғы Astana Finance Days шарасына бірқатар елдің қаржы саласын реттеуші органдарының өкілдері қатысты.

– Барлық елде инвестиция тартуға қатысты мәселелер ұқсас. Сондықтан біз қаржы орталығының осы бағыттағы тәжірибесімен бөлісіп жатырмыз. Бірқатар мемлекет біздің модельді негізге алып, өз қаржы орталықтарын құрып жатыр. Мәселен, Оман, Өзбекстан және Қырғызстанда осындай орталықтар құрылып жатыр. Алдағы уақытта басқа елдерде де пайда болуы мүмкін, – деді Ренат Бектұров.

Сонымен қатар АХҚО жасыл қаржы нарығын дамыту тәжірибесін де өзге елдерге ұсынып келеді. Атап айтқанда, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжанда жасыл облигациялар нарығын дамыту бойынша тәжірибе алмасу жүргізілген.

Ренат Бектұровтың айтуынша, ендігі міндет – АХҚО тәжірибесін қолданатын мемлекеттер қатарын кеңейту.

Айта кетейік, бүгін елордада Astana Finance Days халықаралық форумы өтіп жатыр. Биылғы шараға әлемнің 90 елінен 8 мыңға жуық қатысушы тіркелген. Форум аясында Қазақстанның тау-кен және креативті индустрия салаларындағы жобалары шетелдік инвесторларға таныстырылып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу