АХҚО юрисдикциясында катарлық банктердің өкілдігін ашу мәселесі талқыланды

712

Асқар Мамин Катар Мемлекетінің Орталық банкінің төрағасын қабылдады.

АХҚО юрисдикциясында катарлық банктердің өкілдігін ашу мәселесі талқыланды

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Катар Мемлекетінің Орталық банкінің төрағасы Абдалла бен Сауд әл-Тани бастаған делегацияны қабылдады, деп хабарлайды primeminister.kz.

"Катар ‒ Қазақстанның араб әлеміндегі маңызды саяси серіктесі. Біздің елдеріміз арасында Қазақстанның Тұңғыш Президенті ‒ Елбасы Н. Назарбаев пен Катардың жоғары басшылығы негізін салған сенімді әрі ашық саяси диалог орнаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясаттағы сабақтастықты ұстана отырып, Катармен ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән береді", – деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы-банк және басқа да салалардағы ынтымақтастықты арттыру үшін едәуір әлеуеттің бар екенін атап өтті.  

Елдер арасында визасыз режим орнаған, жақында Нұр-Сұлтан мен Доха арасында тікелей рейстер ашылады деп жоспарлануда. Одан соң тұрақты рейстер аптасына 7 рет тек астаналар арасында ғана емес, сонымен қатар Алматы мен Доха арасында да орындалмақ.

Тараптар инвестициялық және қаржы-банк саласындағы екіжақты ынтымақтастық перспективаларын, оның ішінде "Астана" Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) юрисдикциясында катарлық банктер өкілдіктерін ашуды талқылады.  

Екі ел кәсіпкерлерінің арасындағы байланыстарды дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында 2020 жылы көктемде Қазақстан-Катар бизнес-форумын өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.   

Кездесуге премьер-министрдің Бірінші орынбасары - қаржы министрі Ә. Смайылов, ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов және АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов қатысты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу