"Астана" халықаралық қаржы орталығы өз жұмысын бастағалы бері, Қазақстанға келетін инвесторлар мен шетел азаматтарының саны да арта түсуде. Осыған орай, шетелдіктерге қолайлы жағдай жасау мақсатында АХҚО жанынан "Экспат орталығы" ашылған еді. Айта кетерлігі, орталық өзге елдің азаматтарына қызмет ұсынып қана қоймай, сондай-ақ, елдегі білікті мамандар тапшылығы мәселесін шешуге де атсалысады. Себебі, "Экспат орталығы" жұмысына мықты әрі білікті мамандар тартылған. Ал, өз саласының хас шеберлері Қазақстан нарығына қашан да ауадай қажет. Осы тұрғыда АХҚО-ның "Экспат орталығы" елге шетелдік білімді мамандар тарту ісіне өлшеусіз үлес қосып отыр.
"Астана" халықаралық қаржы орталығы базасында "Экспат орталығының" (AIFC Expat Centre) құрылуының бірден бір себебі – өңірлік хабқа шетелдің түкпір-түкпірінен инвесторлар мен азаматтардың келуі және Қазақстанда жоғары сұранысқа ие мамандарға сұраныстың артуы болып отыр. Тиісінше ел аумағына кірген әр шетел азаматы мен оның жанұясына Қазақстан тарапынан көмек қажет болатыны анық. Дәл осы міндетті "Экспат орталығы" өз міндетіне алып отыр. Орталық елде виза жасау, жеке сәйкестендіру номерін алу, салық есебін, шетел азаматтарының көліктерін, АХҚО қатысушыларын тіркеу, ХҚО қызметтерін ұсыну, тіпті, тұрғын-үй мен білім, денсаулық сақтау мекемелерін табу қызметтерін ұсынбақ.
Айта кетерлігі, орталықтағы барлық қызмет түрі ағылшын тілінде ұсынылады.
"Жалпы АХҚО аясында барлық қатысушыларға визасыз режим ұсынылғандығы баршаға мәлім. Алайда, кез келген шетел азаматы үшін, қарапайым мемлекеттік әрі әлеуметтік-тұрмыстық қызметтерге қолжетімді болмауы мүмкін. Сондықтан, біз шетелдік мамандарға барынша аз уақытта әрі ешқандай қиындықсыз еліміздің әлеуметтік қоғамына сіңісіп кетуіне көмектеспекпіз. Себебі, өздеріңіз білесіздер, олардың көпшілігі елге отбасыларымен бірге және бірнеше жыл уақытқа келіп жатады. Негізінен шетелдік мамандар елге келгенде қандай мәселелермен тап келуі мүмкін деген сауалға келер болсақ. Мысалы, шетел азаматтары көші-қон органдарында арнайы санаттағы виза алуы, сосын әкімдікте – шетел мамандардың жұмыс жасауына рұқсат қағазын алуы, салық бөлімшелерінен – жеке сәйкестендіру номерін алуы керек. Міне осы қызметтің барлығын біз "Экспат" орталығында ұсына аламыз. Бұл қызметтердің барлығы "бір терезе", "бір өтінім" қағидатымен жұмыс жасамақ. Бұл ретте біз Дубай халықаралық қаржы орталығының "Мемлекеттік қызметтер кеңсесі" мен Holland Expat Centre, сондай-ақ, ХҚО қызмет көрсету тәжірибелерін негізге алып отырмыз. Шетелдіктерге ыңғайлы болуы үшін, бұл қызметтердің барлығы ағылшын тілінде жүзеге асырылады",- дейді орталықтан.
Орталық мамандарының мәлімдеуінше, тек биылдың өзінде орталық 400-ден астам қызмет түрін рәсімдеуге көмектесіпті.
"Орталық ЭКСПО-ның жоғары технологиялы инфрақұрылым базасында жұмыс жасайды. Жалпы АХҚО-да инвесторларға қажет барлық жағдай жасалған. Мысалы 45 елдің азаматтарына Қазақстанға 30 күнге жуық уақытқа визасыз кіруге рұқсат етілген. Олардың қатарында Малайзия, Монако, БАӘ, Сингапур сияқты елдер бар. Сонымен қатар, АХҚО қатысушылары шетелдік қызметкерлерді жалпыреспубликалық квотасыз, рұқсатты рәсімдемей-ақ жұмысқа тартуға құқылы. Бұл шетелдіктер үшін өте қолайлы жағдай болмақ. Себебі, шетелден жұмыс күшін тарту ісі 30 күнге жуық уақытты алады және бір ғана рұқсаттың өзіне 500 мың теңгеге дейін қаражат жұмсалуы мүмкін. Сондай-ақ, АХҚО қатысушыларын жұмысқа тартуға қатысты визаны 5 жылға дейін рәсімдеуге болатынын атап өткен жөн", - дейді маман.
Сонымен бірге, орталықтың неліктен Expat Centre деп аталатынына тоқталып өтсек. Expat Centre атауы халықаралық қауымдастықта кеңінен танымал. Сол себепті, шетел азаматтарына орталықтың немен айналысатынын айтып жатудың қажеті болмайды. Ал, жалпы алғанда мұндай орталықтар әлемде шетелдіктер көп шоғырланған елдерде кеңінен қолданысқа ие болған. Ондай қалаларға Нью-Йорк, Дубай, Сингапур сынды әлемнің алпауыт шаһарлары жатады.
Қазіргі таңда, визаға қатысты мәселелерді жеңілдету үшін әрі шетелден келетін серіктестестер мен жоғары білікті мамандарға барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында АХҚО әкімшілігімен Қазақстанның қолданыстағы виза беру ережелеріне өзгертулер енгізу туралы бастама көтерілген. Олардың арасында АХҚО қатысушыларына Қазақстан аумағынан шықпай визалардың барлық түрлерін рәсімдеу, ұзарту, алмастыру және қайта қалпына келтіру сынды қызметі мен Астана және Алматы қалаларының әуежайларында виза рәсімдеу сынды қызметтер бар. Бұған қоса, қатысушыларды шақыру құжаттарын қабылдау мерзімі 14 күнтізбе күнінен 5-ке дейін азайған.
Қазіргі таңда, "Экспат орталық" клиент сұранысына бейімделіп, қызмет түрін көбейтуді жоспарлап отыр. Сонымен бірге, Қазақстанға жұмыс күшін тарта алатын қазақстандық және халықаралық іскерлік қауымдастықтармен ынтымақтастық жұмысы жолға қойылған. Сондай-ақ, Астана қаласының білім беру, денсаулық сақтау мекемелері мен жылжымайтын мүлік агенттіктерімен байланыс орнатылған. Жалпы, АХҚО даму стратегиясында 2021 жылға дейін 18 мыңға дейін жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. "Экспат орталық" Астананың іскерлік инфрақұрылымының ажырамас бөлігі атануға тиіс. Осы арқылы біз АХҚО ел арасындағы беделін арттырып, Қазақстанның экономикасының инвестиция тұрғысынан тартымды етпекпіз", - дейді орталық мамандары.
Ал, орталық қызметі жөнінде АХҚО басшысы Қайрат Келімбетов былай дейді: "Орталықта шетел азаматтарын тіркеу, олардың виза мәселесін шешу, салық және тағы да басқа мәселелелері шешілмек. Біз ұзақ мерзімді жоспар құрып отырғандықтан, бұған жүйелі түрде кіріспекпіз. Орталық жұмысында Дубай мен Сингапур тәжірибесі негізге алынды".